Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Forbes журналы жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде 20-орынға орналасты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Басылым дерегінше, оның байлығы 550 миллион долларға бағаланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен төмен. 2025 жылы Дариға Назарбаева 571 миллион доллар капиталымен рейтингтің 17-сатысында тұрған еді. Forbes оның активтерінің азаюына нақты не себеп болғанын түсіндірмеген.
Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге "Европа плюс Қазақстан" радиостанциясы мен НТК телеарнасына иелік етеді. Бұдан бөлек, ол "DLS Group" холдингі арқылы "Регион-Медиа", "Наружная Реклама-Регионы" және "Телефабрика “Дала" компанияларында үлеске ие екені көрсетілген.
Ал оның сіңлісі Динара Құлыбаева биыл Forbes рейтингінде үшінші орынға көтерілді. Оның дәулеті 5,4 миллиард доллар деп бағаланған. Өткен жылы Құлыбаева 5,3 миллиард доллар көрсеткішімен төртінші орында болған.
Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге "Алмэкс" холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына иелік етеді.