Астана LRT-сындағы сорақылық: Жолаушылардың кесірінен пойыздар бұғатталып жатыр

Бүгін, 09:34 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

LRT өкілдері жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері тіркеліп жатқанын мәлімдеді. Компания мұндай әрекеттер апаттық жағдайларға және пойыз қозғалысының уақытша кідірісіне әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Атап айтқанда, кейбір жолаушылар станса платформасындағы шұғыл тежеу батырмасын негізсіз басқан. Сондай-ақ пойыз ішіндегі қорғаныш әйнектің артында орналасқан платформалық есіктерді шұғыл ашу батырмасын іске қосу, вагон есіктерін өз бетінше ашуға әрекет жасау және есіктердің жабылуына әдейі кедергі келтіру жағдайлары тіркелген.

Компанияның мәліметінше, LRT жүйесі толық автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің барлығы жүйе арқылы қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылданады. Нәтижесінде пойыз автоматты түрде тоқтап, диспетчерлік орталық қосымша тексеру жүргізеді.

LRT жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ желінің жоғары кернеу астында жұмыс істейтіні ескертілді. Әр пойыз құрамында арнайы оператор болады және ол тек электр қуаты ажыратылғаннан кейін ғана есіктерді аша алады.

Компания барлық құқық бұзушылар стансалар мен вагондардағы бейнебақылау камералары арқылы анықталатынын хабарлады. Бұл фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіліп, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Тэгтер:

Астана полиция бұзақылық пойыз LRT