Трамп Иранға ескерту жасады: АҚШ пен Тегеран келісімге әлі келе алмай отыр

Бүгін, 10:41 / Ахмет Қанатұлы
Peter Kramer/NBC via Getty Images. Суретте: Дональд Трамп

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер әлі нақты нәтижеге жақындаған жоқ. Bloomberg мәліметінше, тараптар бірнеше аптаға созылған қақтығысты тоқтату және стратегиялық маңызы жоғары Ормұз бұғазын қайта ашу мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аймақтағы жағдай Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ядролық нысанға жасалған дрон шабуылынан кейін одан әрі шиеленісе түсті. Осы оқиғалар аясында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, уақыттың аз қалғанын ескертті.

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Иран тарапы тезірек нақты қадам жасамаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты. Ол Вашингтон Тегераннан жаңа ұсыныстар күтіп отырғанын, ал бұл ұсыныстар АҚШ талаптарына сай келмеген жағдайда қысым қайта күшеюі ықтимал екенін жеткізді.

Ақ үй басшысы бұған дейін де бітім режимі бұзылса, ақпан айында басталған әскери науқан қайта жалғасуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген. Осы мәселеге байланысты Трамп вице-президент Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және ЦРУ директоры Джон Рэтклиффпен шұғыл кеңес өткізгені айтылды.

Иранның жартылай ресми Fars агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон бейбіт келісім жасау үшін бес негізгі шарт ұсынған. Олардың қатарында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты байытылған уранды АҚШ-қа беру, соғыс шығындарын өтеуден бас тарту және Тегеранның бұғатталған активтерінің аз ғана бөлігін босату сияқты талаптар бар. Алайда АҚШ тарапы бұл ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ.

Mehr агенттігі болса, Вашингтонның нақты жеңілдік ұсынбай отырғанын жазды. Басылымның пайымынша, АҚШ соғыс кезінде қол жеткізе алмаған шарттарды келіссөз үстелінде алуға тырысып отыр. Бұл жағдай келіссөздердің алға жылжуына кедергі келтіруі мүмкін.

Тэгтер:

Иран АҚШ Дональд Трамп