Зеленский кеңсесінің бұрынғы басшысы Ермак кепіл ақшамен бостандыққа шықты

Бүгін, 12:51 / Қайсар Қалам
Сурет: bloomberg

Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакты қамаудан босату үшін талап етілген кепіл ақша толықтай төленді. Кепіл сомасы 140 миллион гривнаны құрады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты УНИАН агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты Жоғары сыбайлас жемқорлыққа қарсы сот (ЖСҚС) жариялаған.

Мәліметтерге қарағанда, ниет білдірушілер кепіл ақшаны есепшотқа демалыс күндері де аудара алған. Алайда сот есепшоттағы қаражаттың түскен-түспегенін тек жұмыс күндері ғана тексеретіндіктен, Андрей Ермак 16 және 17 мамыр күндерін тергеу изоляторында (ТИ) өткізуге мәжбүр болған.

Саясаткердің қорғаушысы Игорь Фоминнің айтуынша, қажетті сома 15 мамырдың кешіне қарай-ақ жиналып қалуы мүмкін еді, бірақ банк жүйесінің жұмыс ерекшеліктеріне байланысты бұл процесс сәл созылып кеткен.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың қараша айының соңында Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро (ҰСҚБ) мен Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура (МСҚП) үкіметтік орамда орналасқан Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізген болатын.

Көп ұзамай, бұған дейін келіссөздер жүргізу делегациясын басқарған Украина Президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак қызметінен кетуге өтініш бергені белгілі болды. Кейінірек Зеленский Ермактың орнына Президент кеңсесінің басшысы қызметіне Будановты тағайындауды ұсынды.

Сондай-ақ, Андрей Ермакқа «ақшаны жылыстатты» деген айып тағылып, күдікті ретінде танылғаны хабарланған еді. Өткен аптада ол қамауға алынды.

Тэгтер:

украина Андрей Ермак кепіл ақша