«Мені осыған жеткізді»: Атырауда отбасы мүшелерін өлтірді деп айыпталған ер адам мәлімдеме жасады

18 мамыр, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Атырау облысында бұрынғы әйелінің отбасын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот отырысы барысында айыпталушы қылмысқа баруына бұрынғы жұбайының туыстары себеп болды деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, әйелінің отбасы олардың отбасылық өміріне үнемі араласып, ажырасуға итермелеген.

- Әйелімнің туыстары біздің отбасымызға араласты. Біз әйелім екеуміз айырылғымыз келмеді, бірге тұрдық. Бірақ оның туыстары араласуын тоқтатпады. Олар менен әйелімді және бес туған баламды алып кеткісі келді. Соның бәрі мені осы қылмысқа жеткізді, - деді ол.

Сондай-ақ айыпталушы өзін балаларын ата-анасыз қалдырғысы келмегенін айтты.

- Олар маған ауыр сөздер айтты. Ал мен отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Балаларымды әке-шешесіз және туғаннан бағып өсірген әжесіз қалдырғым келмеді, - деді Сәрсемәлиев.

Оның айтуынша, туыстар тарапынан болған әрекеттер мен сөздер ақыры оны «адамгершілігін жоғалтып», қылмыс жасауға итермелеген.

- Олардың барлық сөзі мен әрекеті мені есімнен адастырып, адамдық қасиетімді жоғалтып, осындай қылмысқа баруыма себеп болды, - деді айыпталушы сотта.

Тэгтер:

сот Сұлтан Сәрсемәлиев Жангелдин отбасы өлімі