Куба АҚШ нысандарына соққы беру үшін 300-ден астам дрон сатып алды

Бүгін, 14:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Reuters

Куба 300-ден астам соққы беруші ұшқышсыз ұшатын аппарат (дрон) сатып алып, оларды Америка нысандарына қарсы қолданудың ықтимал сценарийлерін талқылауда, деп хабарлайды Arasha.kz сайты  Axios басылымына сілтеме жасап.

Басылым сұхбаттасушыларының мәліметінше, Куба әскерилері дрондарды АҚШ-тың Гуантанамодағы базасына, Флоридадағы нысандарына, сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемелеріне қарсы қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Дереккөздердің пайымдауынша, Дональд Трамп әкімшілігі Кубаны күшейіп келе жатқан қатер ретінде қабылдайды және келесі аптада-ақ жаңа санкциялар салатынын жариялауы мүмкін.

Америка барлау қызметінің нұсқасы бойынша, Гавана 2023 жылдан бері Ресей мен Ираннан ұшқышсыз ұшақтар сатып алып, оларды аралдың стратегиялық маңызды аудандарына орналастырып келеді.

Сондай-ақ, Кубаның Ресейден қосымша дрондар мен әскери техника сұрағаны, сонымен бірге АҚШ-қа қарсы тұрудағы Иранның тәжірибесін зерттеп жатқаны айтылуда.

Осы орайда, ресми Гавана тағылған айыптарға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Куба елшілігі тек мемлекеттің халықаралық құқыққа сай сыртқы агрессиядан қорғануға толық құқығы бар екенін мәлімдеумен шектелді.

Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп әкімшілігі соңғы онжылдықтардағы Кубаға қатысты ең қатал саясаттың бірін жүргізіп отыр.

Тэгтер:

АҚШ қару дрон Куба