Абай облысы аумағында балабақша қызметкерлерінің дербес деректерінің заңсыз таралу фактісі анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Курчатов қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласына жүргізген талдау барысында қаладағы балабақшалардың бірінде заң бұзушылыққа жол берілгенін анықтаған.
Мекеме қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізу бойынша конкурс жариялау кезінде ашық қолжетімділікке 75 қызметкердің толық сауалнамалық мәліметтерін, жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) және өзге де құпия ақпараттарын орналастырған.
Прокуратура мәліметінше, қолжетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істейтін тұлғалар оның құпиялылығын сақтауға міндетті. Ал дербес деректерді азаматтың келісімінсіз тарату заңға қайшы саналады.
Қадағалау органы мұндай әрекеттер жеке ақпараттың заңсыз мақсатта пайдаланылуына қауіп төндіргенін атап өтті.
Прокуратураның араласуынан кейін заң бұзушылықтар жойылып, кінәлі лауазымды тұлға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Облыс прокуратурасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.