Астанада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының алаңында «Азаматтардың құқықтары мен міндеттері: теңгерім мен жауапкершілік» тақырыбында қоғамдық талқылау өтті. Іс-шараға ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қоғамдық белсенділер және елордалық бастамашыл топтардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру ғана емес, құқық пен міндеттің қоғам өміріндегі өзара байланысын түсіндіру. Себебі қазіргі қоғамда әр адамның құқығы қорғалуы тиіс деген түсінік жиі айтылады. Бірақ сол құқықтың жанында азаматтық жауапкершілік, қоғам алдындағы міндет, заң мен тәртіпке құрмет секілді ұғымдардың қатар жүруі маңызды.
«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры басшысы орынбасары Шынар Жанатаеваның айтуынша, бұл кездесу Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асып жатқан жоба аясында ұйымдастырылған.
«Біз биылғы наурыз айынан бастап елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдауға бағытталған жобаны қолға алдық. Жоба аясында “Бақытты шаңырақ” қоғамдық қоры қанатының астында ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылармен, бастамашыл топтармен жұмыс жүргізіліп келеді. Оларға арналған семинарлар, шеберлік сабақтары, кездесулер өткіземіз. Сонымен бірге азаматтық бастамаларды дамыту, жобаларды ілгерілету бойынша кеңес береміз. Бұл жолғы кездесуде әрбір азаматтың қандай құқықтары бар, оларды қалай жүзеге асыруға болады және қоғамдағы жауапкершілік неден басталады деген мәселелер қозғалды», – деді Шынар Жанатаева.
Қоғамдық талқылауда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін құқықтық ақпараттың маңызы бөлек екені айтылды. Мұндай отбасылар күнделікті өмірде әлеуметтік қолдау, білім беру, медициналық қызмет, қоғамдық ортаға бейімделу, инфрақұрылымға қолжетімділік секілді түрлі мәселемен бетпе-бет келеді. Сондықтан олардың өз құқықтарын білуі, қажетті мемлекеттік және қоғамдық қолдау тетіктерін түсінуі маңызды.
Іс-шараның сарапшысы, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек азаматтардың құқықтары мен міндеттерін жаңа Конституция аясында түсіндірді. Ол құқықтық мәдениет тек заң баптарын білумен шектелмейтінін, оның түп негізінде құндылықтар жүйесі жатқанын атап өтті.
Сарапшы өз дәрісін құндылық, қағида және құзыреттілік ұғымдары арқылы өрбітті. Оның айтуынша, адам құқықтары мен міндеттерін алдымен қоғам үшін маңызды құндылық ретінде қабылдау қажет. Осы құндылықтарды іске асыратын қағидалар қалыптасқанда ғана нақты шешім қабылдау тетіктері пайда болады. Ал ең соңында азаматтың қазіргі қоғамда қандай қабілетке, қандай мінез-құлық мәдениетіне ие болуы керектігі айқындалады.
«Мен лекциямды құндылық, қағидалар, құзыреттіліктер алгоритмі бойынша құрдым. Бірінші, адамның құқықтары мен міндеттерін құндылық есебінде бағалау қажет деп есептеймін. Содан кейін оны іске асырудың қағидалары болады, осыдан келіп шешімдердің тетіктері шығады. Соңында қазіргі қоғамдағы адамдар қандай қабілет-қасиеттерге ие болу керек екенін айқындаймыз», – деді Әділхан Дүйсебек.
Оның пікірінше, бүгінгі қоғамға ең қажет қасиеттің бірі – азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік. Бұл заңды құрметтеуден, қоғамдық тәртіпті сақтаудан, отбасындағы және қоғамдағы міндетін сезінуден басталады.
«Біздің қоғамға ең қажетті нәрсе азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік дер едім. Бұл дегеніміз заңды құрметтеу, қоғамда қалыптасқан тәртіпті сақтау, ата-бабаларымыз мұра етіп кеткен адамгершілік қағидатын ұстану, адамның өз іс-әрекеті және отбасы мен бала алдындағы жауапкершілігі. Осы қарапайым қағидаттарды елемеудің салдары қоғамдағы небір келеңсіз оқиғаларға әкеледі», – деді сарапшы.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, азаматтық бастамаларды дамыту, құқықтық мәдениетті күшейту, отбасыларға қолдау көрсету және қоғамдағы жауапкершілік деңгейін арттыру жөнінде пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Жоба аясында бастамашыл топтарға арналған семинарлар, кеңес беру кездесулері мен тәжірибелік сабақтар өткізу жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – елорда тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттырып, азаматтардың өз құқығын білетін, міндетін сезінетін жауапты орта қалыптастыруына ықпал ету.