Назарбаевтың саяси серіктері кейін әулетпен қалайша жақындасты?

Бүгін, 12:59 / Ахмет Қанатұлы
elbasy.kz. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңестік кезеңдегі бірқатар саяси серіктерімен кейін туыстық байланыс арқылы да жақындасқаны туралы журналист Асылхан Мамашұлының "Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең" атты деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Фильмде 1980 жылдардағы Қазақ КСР-дегі билік жүйесі, Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы саяси сабақтастық, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында ықпалды топтардың қалыптасу үдерісі сөз болады.

Автордың баяндауынша, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне келген. Бұл лауазым оның кейінгі ұзақ саяси мансабындағы маңызды белестердің бірі ретінде сипатталады.

Сол кезеңде Назарбаев басқарған Министрлер кеңесінің құрамында Мұхтар Әлиев денсаулық сақтау министрі болды. Қанат Саудабаев Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетін басқарды. Ал Асқар Құлыбаев Жоғарғы совет президиумының мүшесі қызметін атқарған.

Деректі фильмде аталған тұлғалардың кейбірі кейін Назарбаев әулетімен құдандалы болып, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де ықпалды ортада қалғаны айтылады. Мысалы, Мұхтар Әлиевтің ұлы Рахат Әлиев Дариға Назарбаеваға үйленген. Ал Асқар Құлыбаевтың ұлы Тимур Құлыбаев Динара Назарбаевамен шаңырақ көтерген.

Қанат Саудабаев та тәуелсіздік жылдарында жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды. Ол 1994 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалып, кейін Түркия мен Ұлыбританиядағы елші қызметін атқарды. 1999 жылы елге оралып, премьер-министрдің кеңесшісі, кейін мемлекеттік хатшы болды.

"Жон арқадан ұрылған пышақ" фильмінде 1985-1995 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ірі саяси оқиғалар, Қонаев пен Назарбаев арасындағы қарым-қатынас және билік ішіндегі өзгерістер кеңінен талданады.

Тэгтер:

Нұрсұлтан Назарбаев құда