Ресей Қырғызстаннан тарих оқулықтарындағы «колония» терминін алып тастауды талап етті

19 мамыр, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: Vladimir Pirogov/ Reuters

Мәскеу қырғыз тарих оқулықтарын сынға алып, республиканы «отар»  терминінен бас тартуға шақырды. Ресей тарапы бұл сөз КСРО құрамындағы Ресейдің рөліне қатысты «жағымсыз реңк» тудырады деп санайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

РБК басылымының жазуынша, дау Ресей әскери-тарихи қоғамының (РВМҚ) сарапшылық-кеңес беру кеңесінің отырысында туындады.

Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Андрей Быков қырғызстандық 8, 9 және 11-сынып оқулықтарында «дереккөздік қателіктер» мен «шын мәнінде болмаған оқиғалар» көп екенін айтты. Ал мекеме директоры Аликбер Аликберов Ресейді әлі күнге дейін «халықтар түрмесі» ретінде қарастыру жалғасып жатқанын атап өтті.

Кеңес мүшелері кеңестік кезеңге берілген бағаның алшақтығына ерекше назар аударды. Ресей өкілдері өз оқулықтарында «КСРО-ның ұлылығы» дәріптелетінін, ал қырғыз оқулықтарында республиканың Одақ құрамында болған кезеңінде ұлттық мүдделері шектелгені айтылатынын алға тартты.

Ресей Ғылым академиясы мүшелерінің ашуын туғызған басты мәселе — Ресейге қатысты «отаршылдық» (колониализм) терминін қолдану. Быков бұны «сән қуу» деп атап, оның орнын ауыстыруды ұсынды. Оның пайымдауынша, «отаршылдық» сөзінің орнына «әкімшілік» деген сөзді қолданса, тарихи оқиғалардың «түсі мен бояуы бірден өзгереді», сөйтіп жағымсыз реңк жойылады.

Бұған жауап ретінде Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтының директоры Абылабек Асанканов ресейлік тараптың «өте күрделі міндет» жүктеп отырғанын мәлімдеді. Ол отаршылдық ұғымы тәуелді халықтардың толыққанды дербестігі болмаған жағдайда олардың аумағын, табиғи ресурстары мен еңбегін пайдалануды білдіретінін еске салды. «Біз бұл терминнен бас тартуға өте қиналамыз», - деп атап өткен Асанканов «трагедиялық оқиғаларды идеологияландырмауға және оларға спекуляция жасамауға» шақырды.

Бұған дейін РВМҚ төрағасы және РФ Президентінің көмекшісі Владимир Мединский де Ресейді «езгілеуші империя» ретінде көрсететін түсіндірмелерге қарсы шыққан болатын. Ол бұрынғы КСРО республикаларын «жау ойлап табумен» және тарихты бұрмалаумен айыптады. «Біз ағартушылықты, жаңа технологияларды, жаңа қоғамдық қатынастарды алып келгенде, құлдықты жойғанда қандай кеңестік империализм туралы сөз болуы мүмкін?» — деп наразылық білдірді Мединский.

Бұл  Ресейдің көршілес елдердегі оқулықтардың мазмұнына ықпал етуге тырысқан алғашқы жағдайы емес. 2024 жылы Арменияға қатысты да осындай талаптар қойылған еді. Сыртқы істер министрлігі армян тарихы оқулығындағы 1826–1828 жылдардағы орыс-парсы соғысына арналған тарауда Түркіменчай келісімін «аннексия» деп атағаны үшін сынға алды. «Ресей империясының, кейіннен КСРО мен Ресейдің қазіргі Арменияның қалыптасуындағы айрықша рөліне күмән келтіру — көпшілікке белгілі фактілерге қарсы шығу деген сөз», — деп мәлімдеген еді министрлік сол кезде.

Тэгтер:

ресей тарих КСРО Қырғызстан СССР Колония Отар басқыншылық