"Қан төкті, бірақ түрмеде отыр": Ресей депутаттары Қазақстандағы сотталғандарды қорғауға кірісті

Бүгін, 22:01 / Ахмет Қанатұлы
Reuters

Ресей Мемлекеттік думасында азаматтық, ықтиярхат және уақытша тұруға рұқсат беру тәртібіне қатысты жаңа заң жобасы талқыланып, Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан Орталық Азия азаматтарының жағдайы сөз болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

13 мамырда Ресей думасы алғашқы оқылымда жаңа заң жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген шетел азаматтарына Ресей азаматтығын, ықтиярхат немесе уақытша тұруға рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін. Бұл талап адамның Ресейде немесе өзге елде сотталғанына қарамастан қолданылуы ықтимал.

Талқылау кезінде ресейлік депутат Михаил Матвеев Қазақстан, Қырғызстан және басқа да елдерде Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқаны үшін сотталған адамдардың тағдырына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай азаматтар Ресей үшін соғысқанымен, өз елдерінде жауапқа тартылып, енді жаңа заң бойынша Ресей азаматтығын ала алмай қалуы мүмкін.

Матвеев Қазақстанда сотталған Ермек Тайшыбековті де мысалға келтіріп, оны "саяси тұтқын" деп атады. Депутаттың пікірінше, егер заң жобасы қазіргі күйінде қабылданса, Ресейге қолдау білдіргені немесе соғысқа қатысқаны үшін өз елінде сотталған адамдарға Ресей азаматтығына жол жабылады.

Ресей ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Зубов бұл мәселе назарға алынғанын айтып, Ресей жағында соғысқан азаматтар жауапқа тартылып жатқан көрші елдер бойынша арнайы анықтама дайындалғанын жеткізді. Ал депутат Дмитрий Вяткин заң жобасы қайта қаралып, Ресей мүддесі үшін соғысқа қатысқан адамдарды қорғау тетіктері ескерілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда Украинадағы соғысқа қатысқан ондаған азамат сотталғаны айтылып жүр. Олардың көбі шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Тәжікстанда да шетелдегі соғысқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, бірақ Украинадағы соғысқа қатысты сотталғандар туралы ашық дерек жоқ. Түркіменстан бойынша нақты ақпарат жарияланбаған.

Украинаның "Хочу жить" жобасының мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі бері Орталық Азиядан мыңдаған адам Ресей армиясы жағында соғысқан. Жобада Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан азаматтарына қатысты деректер келтірілген.