Трамптың сапарынан кейін Си Цзиньпин Путинді қабылдады

Бүгін, 10:30 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Ресей президенті Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізу үшін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйіне келді. Ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшысы келіссөздерді бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресей президентін Тяньаньмэнь алаңында екі елдің тулары ілінген салтанатты жағдайда қарсы алды. Рәсімге әскери оркестр, құрмет қарауылы және Қытай мен Ресейдің жалауларын ұстаған балалар қатысты.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, ресми қарсы алу рәсімі таңертең Халық жиналысы үйінің шығыс кіреберісінде өткен.

Сапар барысында Мәскеу мен Бейжің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланып, шамамен 40 құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

Путиннің бұл сапары Ресей мен Қытай арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Путин мен Си арасындағы келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейжіңге жасаған сапарынан бір апта өткен соң өтіп жатыр. Ол кезде АҚШ пен Қытай басшылары сауда даулары, халықаралық қауіпсіздік және Тайвань төңірегіндегі жағдайды талқылаған болатын.

Сондай-ақ, 28–29 мамыр күндері Путин ресми сапармен Қазақстанға келуі тиіс.