Көлік министрлігі Ан-2 ұшағымен болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

20 мамыр, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Алматы облысында Ан-2 ұшағы ағаштар арасына апаттық жағдайда қонды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға орнынан түсірілген кадрлар желіде жарияланды. Бейнежазбадан ұшақтың қону алаңынан тыс жерге шығып кеткенін көруге болады. Көлік министрлігі Ан-2 ұшағымен болған оқиғаны растады.

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен инциденттерді есепке алу және тергеу қағидаларына сәйкес, тіркеу нөмірі UP-A0091 болатын Ан-2 әуе кемесімен болған оқиға адам шығынынсыз авиациялық оқиға (авария) деп сыныпталып, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қарауына жатады», – деп хабарлады сәрсенбі күні Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайын анықтау мақсатында департамент қызметкері апат орнына жіберілгені атап өтілді.

Тэгтер:

Ұшақ апатты жағдай Көлік министрлігі Ан-2