Ақмола облысындағы «Қазақалтын» шахтасында екі заңсыз кенші қаза тапты

20 мамыр, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Бестөбе кенішінің «Орталық» шахтасында заңсыз кеншілерді тау жынысы басып қалды. Nayza Kokshe басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 19 мамырда «Қазақалтын» ЖШС-не қарасты шахтада болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Махаббат» желісінің блогында, 610-шы горизонтта екі ер адам үйінді астында қалды.

Оқиға орнына дереу кенқұтқарушылар түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, үйінді жұмыс істемейтін учаскеде, горизонт бойынша шамамен 1,5 шақырым қашықтықта болған. Қаза тапқандардың денесі жер бетіне шығарылды, олардың өмір белгілері болмаған. Аталған пабликтің дерегінше, екі кенші де Солтүстік Қазақстан облысының тумалары.

Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеушілер ер адамдардың өліміне қатысты мән-жайды анықтап жатыр.

«Қазақалтын» шахталарында заңсыз кеншілердің қаза табуы бірінші рет емес. Осы жылдың наурыз айында Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахтаның төменгі горизонттарының бірінде үш заңсыз кенші жарақат алған еді. Олардың бірі көз жұмып, екеуіне медициналық көмек қажет болды.

Тэгтер:

шахта кенші өлімі Қазақалтын