Шымкентте балаларын үтікпен күйдірген әйел сотталды

Бүгін, 12:18 / Ахмет Қанатұлы
Liudmila Chernetska / Getty Images

Шымкентте өз балаларын қатыгездікпен қорлаған әйелге қатысты сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен ол 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ktk.kz мәліметінше, сот барысында әйел өз әрекетін толық түсінбегенін айтып, өзін де ауыр жағдайдың құрбаны ретінде сипаттаған. 30 жастағы төрт баланың анасына қатысты сот процесі шамамен бір айға созылған.

Тергеу барысында әйелдің үлкен екі баласына ұзақ уақыт бойы күш көрсетіп келгені анықталды. 9 және 11 жастағы ұлы мен қызы анасының оларды ұрып-соққанын, денесін ыстық заттармен күйдіргенін және басқа да қатыгез әрекеттер жасағанын айтқан.

Судья Алтын Білтебай сотта сотталушының балаларға физикалық және психологиялық азап көрсеткенін атап өтті. Іс материалдарына сәйкес, әйел ұлын темекі шекті деп айыптап, ернін ыстық шанышқымен күйдірген. Сондай-ақ балаларды бірнеше рет соққыға жыққан. Бұдан бөлек, қыздырылған үтікті қызының ішіне, ұлының беті мен сан тұсына басқаны айтылды.

Бұл жағдай қаңтар айының ортасында белгілі болған. Балалар көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілгеннен кейін құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтай бастаған.

Әйел болса, өз әрекетін "тәрбиелеу тәсілі" деп түсіндірген. Ал үкім шыққаннан кейін ол сол кезде есін толық білмегенін айтып, мұндай жағдайға өзінің де ұзақ жылдар бойы отбасында қысым көргені себеп болғанын жеткізген.

Сот үкімінен кейін әйел сот залынан кісенмен шығарылды. Ал балалар әзірге бейімдеу орталығында болады.

Тэгтер:

шымкент