Көкшетауда тағы да жол-көлік оқиғасы: көлік баланы қағып кетті

20 мамыр, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Көкшетаудағы тұрғын үй аулаларының бірінде жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл жолы көлік тротуарға шығып кетіп, кішкентай қызды қағып кетті. Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бейнежазбадан әйел адам тізгіндеген көліктің кенеттен тротуарға шығып, анасының жанында келе жатқан қызды қағып кеткені көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары жүргізуші газ бен тежегіш педальдарын шатастырып алуы мүмкін деп болжады. Видео жарияланған соң, тұрғындар тұрғын үй аулаларындағы қауіпсіздік мәселесін қайтадан қызу талқылай бастады.

– Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды, медицина қызметкерлері тексергеннен кейін үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты ешқандай шағым түсірмеді, – деп хабарлады Ақмола облыстық ПД.

Полиция өкілдері оқиға бойынша тиісті материалдар жинақталып, жүргізушінің жауапкершілікке тартылғанын қосты.

Бұл – соңғы уақытта Көкшетау аулаларында орын алған алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Сарыарқа көшесінде жол талғамайтын көлік әйел адамды қағып кетіп, қайғылы жағдай орын алған еді. Кейіннен жүргізушінің жүргізуші куәлігі жоғы және автомектепте оқымағаны анықталды. Сол қайғылы оқиғадан кейін тұрғындар аулалардағы жол қауіпсіздігіне шағымданып, қосымша қауіпсіздік шараларын орнатуды талап еткен болатын.

Тэгтер:

көлік көкшетау баланы қақты