Юрий Гагариннің қазасына қатысты бұрын құпия болған дерек айтылды

Бүгін, 15:30 / Ахмет Қанатұлы
Malim.kz коллажы

Кеңес Одағының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің өліміне қатысты көп жыл бойы жарияланбаған дерек қайта айтылды. Ғарышкер Алексей Леоновтың мәліметінше, Гагарин мінген ұшақтың апатына басқа әскери ұшақтың қауіпті маневрі себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресми қорытындыда Юрий Гагарин мен нұсқаушы Владимир Серегин отырған ұшақтың күрт маневр жасап, штопорға түсіп кеткені жазылған. Алайда Леонов бұл нұсқамен келіспеген. Оның айтуынша, апат болған аймақта сол күні рұқсатсыз Су-15 ұшағы ұшқан.

1968 жылғы 27 наурызда Гагарин мен Серегин жаттығу ұшуын орындап жүрген кезде Су-15 ұшағы белгіленген биіктіктен төмен түсіп, қауіпсіздік талабын бұзған. Леоновтың сөзінше, әскери ұшақ бұлт арасынан өте жақын қашықтықта, шамамен 10-15 метр жерден өткен.

Осы сәтте пайда болған күшті ауа толқыны Гагарин мінген ұшақтың тепе-теңдігін бұзып, оны басқарудан шығарған. Кейін ұшақ штопорға түсіп, жоғары жылдамдықпен жерге құлаған.

Экипаж жағдайды түзетуге тырысып, ұшақты штопордан шығармақ болған. Алайда уақыт жетпей, Юрий Гагарин мен Владимир Серегин қаза тапқан.

Алексей Леонов бұл деректер құпия құжаттар ашылғаннан кейін расталғанын айтқан. Ол мұны жай ғана болжам емес, апаттың негізгі себебі деп бағалаған. Оның пікірінше, қайғылы жағдайға ұшу тәртібінің бұзылуы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы әсер еткен.

Леонов комиссия мүшелері шындықты білгенімен, бұл мәліметтің ұзақ жыл бойы жария етілмегенін өкінішпен айтқан. Ал Су-15 ұшағын басқарған пилоттың аты-жөнін ол атамаған. Оның сөзінше, бұл ақпаратты айтуға рұқсат берілгенімен, ұшқыштың жасы ұлғайып, денсаулығы нашар болғандықтан, оның есімін жарияламауға уәде берген.

Тэгтер:

ғарышкер