Президент кітап оқу мәдениетін дамыту өркениетті қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау бүгінде стратегиялық маңызы бар міндетке айналып отыр.
«Кітап оқуға баулу – өркениетті қоғам құрудың және прогрессивті ұлт қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі. Сондықтан азаматтарымыздың, әсіресе жастардың арасында оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз қажет. Өткен аптада мен кітап оқу мәдениетін дамыту және “оқитын ұлт” қалыптастыру жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжаттың басты мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни адами капиталды дамыту және қоғамның интеллектуалдық әрі мәдени әлеуетін күшейту», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қол қойған құжатта жаңа форматтағы кітапханалар ашу, ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, отандық авторларды қолдау және балалар мен жастар арасында тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру секілді бастамалар қарастырылған. Сарапшылар мұны қоғамдағы оқу мәдениетін жүйелі түрде күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Жарлықта тек кітап оқуды насихаттау ғана емес, сонымен қатар заманауи оқырман инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесі де қамтылған.
«Әсіресе жаңа форматтағы кітапханалар мен цифрлық құралдарды енгізу қазіргі заман талабына сай шешім деп ойлаймын. Бұл бастамалар кітапты қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді. Президент Жарлығында ұлттық әдеби мұраны насихаттау, жазушылар мен баспагерлерді қолдау мәселесіне де арнайы назар аударылған», – дейді Данияр Әшімбаев.
Сарапшының сөзінше, мұндай қадамдар тек мәдени саясат аясында қарастырылмауы керек. Оның айтуынша, бұл – қоғамның дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді ағартушылық жұмыс.
«Кітап оқу мәдениеті әлсіреген қоғамда терең талдау жасайтын, сыни ойлайтын буын қалыптастыру қиын. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты тек мәдени бастама ретінде емес, ұлттық интеллектуалдық қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастыру қажет», – деп атап өтті саясаттанушы.
Бұл бастаманың өзектілігін Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) зерттеуі де көрсетеді. «Қоғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары: дәстүрлерді жаңғырту» атты аналитикалық есепке 2400 респондент қатысқан. Зерттеу нәтижесі елдегі оқу дағдысының әлі де төмен деңгейде қалып отырғанын аңғартты.
Сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың тек 46,8 пайызы ғана кітапты білім мен шабыттың негізгі көзі деп санайды. Ал респонденттердің 51,2 пайызы соңғы бір жылда бірде-бір кітап оқымағанын айтқан. Тағы 29 пайызы небәрі 1–3 кітаппен шектелген.
«Бұл қоғамда кітапқа қызығушылық мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, оқу мәдениетін дамытуға мүмкіндік мол екенін көрсетеді. Қазір көпшілік кітапты тұрақты түрде демалыс немесе өзін-өзі дамыту құралы ретінде пайдаланбайды. Сондықтан мемлекет қолға алып отырған бастамалардың маңызы артып отыр», – делінген ҚҚДИ талдауында.
Зерттеу авторлары оқу белсенділігі адамның әлеуметтік жағдайымен де байланысты екенін айтады. Жоғары білім мен тұрақты табысы бар азаматтар көбірек оқиды. Сонымен қатар әйелдердің оқу белсенділігі ерлерге қарағанда жоғары екені байқалған.
«Жастар мен 61 жастан асқан азаматтар кітапқа жиірек қызығушылық танытады. Ал 29–45 жас аралығындағы тұрғындардың оқу белсенділігі төмен болып отыр. Дәл осы жас санаты еңбек нарығындағы ең белсенді топ болғандықтан, олар негізгі мақсатты аудиторияның бірі ретінде қарастырылады», – дейді институт мамандары.
Сарапшылар қазақстандықтардың бос уақыт құрылымына да назар аударған. Көпшілік уақытын туыстарымен араласуға, интернетке немесе теледидар көруге жұмсайды. Ал кітап пен газет оқуды таңдағандар үлесі небәрі 11,8 пайыз болған.
Мамандардың пікірінше, қоғамдағы оқу дағдысын күшейту тек мәдени мәселе емес. Бұл – елдің адами капиталы мен интеллектуалдық әлеуетіне тікелей әсер ететін ұзақмерзімді міндет. Осы тұрғыдан алғанда Президент бастамасы Қазақстанда «зерделі ұлт» қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.