Шымкенттегі металлургиялық зауытта болған рейдтен кейін қытайлық инвесторлар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар құқық қорғау органдарының әрекетінен кейін өндіріс тоқтап, ондаған миллион долларлық жоба қауіпке ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Vera.kz мәліметінше, оқиға 6 мамыр күні болған. Инвесторлардың айтуынша, сол күні кешке полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері зауыт аумағына кірген. Бұған Өзбекстаннан түскен анонимді хабарлама себеп болған. Онда кәсіпорында еңбек мигранттарын заңсыз ұстап, тегін жұмыс істетіп жатыр деген ақпарат айтылған.
Кәсіпкерлер бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтады. Соған қарамастан, рейд кезінде ондаған адам ұсталған.
Инвесторлардың сөзінше, арнайы қабылдау орнына шамамен 80 адам жеткізілген. Кейін олардың бір бөлігі босатылғанымен, бірнеше адам әлі де қамауда қалған.
Қытайлық тарап ұсталғандардың арасында зауытты кеңейтуге инвестиция салуды жоспарлаған серіктестер болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, барлық қажетті құжаттары мен визалары болған. Кейбір құжаттар Алматыдағы көші-қон қызметінде визаны ұзарту рәсімінде жатқан.
Кәсіпкерлердің пікірінше, рейд салдарынан өндіріс процесі де тоқтап қалған. Себебі техникалық жүйелерге жауапты мамандардың бір бөлігі ұсталған.
Инвесторлар индукциялық пештер мен өндірістік желілер шұғыл тоқтатылғанын айтады. Олардың сөзінше, уақытында тоқтатылмағанда өндірістік апат болуы мүмкін еді.
Қытайлық кәсіпкерлер бұл жағдайдан кейін Қазақстандағы инвестициялық ахуалға алаңдап отырғанын жеткізді. Олар өндірістің тоқтауы мен құқық қорғау органдарының әрекеті шетелдік инвесторларға кері әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Сол себепті инвесторлар мемлекет басшысынан жағдайға араласуды сұрап отыр.