Атырауға өзге өңірден келген полиция көліктері жолда дүрбелең тудырды

Бүгін, 09:00 / Қайсар Қалам
Сурет: t.me/halyqstan

Кеше Атырауда нағыз «жол шоуы» орын алды. Қаланы кенеттен басқа өңірлерден келген көптеген патрульдік көліктер басып қалды. Бұл жайт бірден үлкен кептеліс пен қызық көрушілердің жиналуын және жергілікті жүргізушілер арасында дүрбелеңді тудырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әсіресе, «армян» нөмірлі автокөлік иелерінің арасында үрей басым. Олардың профильдік чаттарында жаппай тексерулер, қатаң бақылау және көліктерді тәркілеу туралы қауесеттер лезде тарап кетті.

Кешке қарай Атырау орталығы кептеліс пен шиеленістің ортасына айналды. Полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатқан жерлерде мазасызданған тұрғындар жинала бастады.

Куәгерлердің айтуынша, полицияға қосымша күштерді жұмылдыруға тура келген. Алайда, бұл ұстау операциялары үшін емес, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұртты сабырға шақыру үшін жасалған.

Атырау облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасап, дүрбелеңге салынбауды сұрады. Өңірде "Тәртіп бұзуды тоқтат" атты ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған.

Қалада басқа аймақтардың экипаждарының көп болуы – жоспарлы күшейту шарасы. Бұл тек құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған жұмыстар ресми түрде 23 мамырда аяқталады.

Тэгтер:

полиция атырау көліктер тексеріс патруль армян нөмірі