Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонанстық жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу аяқталды. Жәбірленушілердің адвокаты Олег Черновтың хабарлауынша, іс материалдары сотқа жолданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Сотқа дейінгі тергеу аяқталды, ендігі шешім сотта. Ішкі істер министрі мен Президенттің тапсырмасы барынша қысқа мерзімде орындалды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында алдын ала тыңдау 28 мамыр күні сағат 15:00-ге белгіленді», – деп жазды адвокат әлеуметтік желіде.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні болған еді. 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген Zeekr автокөлігі жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жаста) және екі жолаушысы (20 және 22 жастағы бойжеткендер) оқиға орнында көз жұмды.
Кейіннен тергеу барысында күдіктінің мас күйде болғаны расталды. Ауруханадан шыққан соң ол қамауға алынды.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша тергелуде. Бұл бап бойынша көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.