93 жастағы әжейге алғаш рет туу туралы куәлік берілді

Бүгін, 11:16 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Өзбекстанның Наманган облысы Чуст ауданында 93 жастағы Купайсин-момо Сотиболдиеваның туу деректері ресми түрде қалпына келтірілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Kun.uz мәліметінше, Өзбекстанның Әділет министрлігі әжейге алғаш рет туу туралы куәлік рәсімдеген.

Купайсин-момо аудандық әділет бөліміне құқықтық мәселе бойынша жүгінген. Құжаттарды тексеру кезінде оның 1933 жылы дүниеге келгені анықталғанымен, АХАТ мұрағаттарынан тууы туралы жазба табылмаған.

Министрлік дерегінше, әжей бала күнінен туған күнін 2 наурыз деп атап келген. Бұл күнді оған ата-анасы айтқан. 1951 жылы оған қыз кезіндегі тегіне рәсімделген туу туралы анықтама берілген. Кейін тұрмысқа шыққан соң Сотиболдиева тегін алып, сол құжаттар негізінде өмір бойы түрлі ресми қағаздарын рәсімдеп келген.

Алайда азаматтық төлқұжатында туған күні мен айы көрсетілмегендіктен, ол бірқатар қиындыққа тап болған. Осыған байланысты аудандық әділет бөлімі оның туу фактісін заңды түрде анықтау үшін ауданаралық сотқа талап арыз түсірген.

Сот Купайсин-момо Сотиболдиеваның 1933 жылғы 2 наурызда туғанын ресми түрде растады. Осы шешімнен кейін оған қыз кезіндегі тегімен — Купайсин Ташмирзаева атына туу туралы куәлік берілді.

Айта кетейік, мұндай жағдай бұған дейін де тіркелген. 2019 жылы 91 жастағы Раждаб Рахматованың да құжаты жоқ екені мемлекеттік қызмет агенттігі мамандары тұрғындарды аралау кезінде анықталған еді.

Тэгтер:

өзбекстан