Грузияда халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ерлі-зайыптылар ұсталды

Бүгін, 14:28 / Қайсар Қалам
Сурет: Polisia.kz

Грузияның астанасы Тбилисиде синтетикалық есірткі өндірді деген күдікпен Қазақстан азаматтары – ерлі-зайыптылар қолға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алдымен Тбилисиде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша «мефедрон» есірткісін дайындауды ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматы ұсталған.

«Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың ақпанына дейін Алматы облысында арнайы жабдықталған есірткі зертханасында сыбайластарымен бірге синтетикалық есірткі дайындауды ұйымдастырған және «химик» рөлін атқарған», - деп нақтылады ведомство.

Кейіннен дәл сол Тбилиси қаласында халықаралық іздеуде жүрген оның жұбайы да ұсталды.

«Тергеу барысында оның Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткілерді заңсыз өндіруге қатысты қылмыстық әрекеттердің қаржылық жағына жауапты болғаны анықталды», - деп қосты ІІМ.

Қазіргі таңда ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде.

Айта кетейік, 2026 жылдың наурызынан бастап Грузия аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеу жариялаған барлығы 15 адам ұсталды.

Тэгтер:

Грузия халықаралық іздеу ерлі-зайыпты