Нұрәлі Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі өзгеріс, рухани тазару және саналы өмір сүру туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол қазіргі кезеңді адамның өзін кейінге қалдырмай, ішкі жан дүниесіне назар аударатын уақыт деп сипаттады. Әлиевтің айтуынша, әлем өзгеріп жатыр, сонымен бірге адамдардың ішкі күйі де бұрынғыдан өзгеше сипат ала бастаған.
Нұрәлі Әлиев бұрын еленбей келген қорқыныш, реніш, ашу, қызғаныш пен ішкі бейберекет ойлар адамның бойында салдарсыз қала бермейтінін жазды. Сондықтан ол әр адам ойының, ниетінің, жүрегінің және ішкі энергиясының тазалығына мән беруі керек екенін атап өтті.
"Егер ішіңізде өзгеріске деген үнді сезсеңіз, оны елемеңіз. Бұл кездейсоқ емес. Бұл – жаныңыздың өз болмысыңызды еске салуы", – деген ой айтты ол.
Сондай-ақ Әлиев өзгерісті үлкен қадамдардан емес, қарапайым әрекеттерден бастауға шақырды. Оның сөзінше, адам өз ойын бақылап, айналасын реттеп, реніштен арылып, қорқынышты күшейтпей, өзін дамытуға көңіл бөлуі қажет.
"Жаңа әлем сыртта емес, адамның өз ішінен басталады. Ішкі өзгерісті неғұрлым ерте бастасаңыз, қазіргі болып жатқан процестерден соғұрлым жеңіл өтесіз", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Нұрәлі Әлиев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі.