Ай мен Марсқа жол ашады: Адамзат тарихындағы ең алып зымыран сынақтан сәтті өтті

Бүгін, 12:33 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

23 мамырға қараған түні SpaceX компаниясы адамзат тарихындағы ең үлкен зымырандардың бірі саналатын Starship жүйесінің жаңартылған V3 нұсқасын сынақтан өткізді. Зымыран Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Сынақ барысы Илон Масктің X желісінде тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Компания үшін бұл ұшу маңызды сынақтардың бірі болды. Starship ғарыш кеңістігінде шамамен бір сағат қалықтап, кейін Үнді мұхитына сәтті қонды. Қону кезінде алты қозғалтқыштың бірі істен шыққанына қарамастан, аппарат бағытын жоғалтпай, су бетіне тік қалпында түсе алды.

Бұл – 2025 жылдың қазан айынан кейінгі алғашқы ірі сынақтардың бірі. Бұған дейінгі ұшырылымдардың бірқатары сәтсіз аяқталған болатын. Мәселен, 2023 жылы Starship-тің алғашқы нұсқасы әуеде жарылып кеткен еді. Ал соңғы сынаққа бір күн қалғанда техникалық ақауға байланысты ұшыру санаулы секундтар қалғанда тоқтатылған.

Starship жүйесі көлемі жағынан әлемдегі ең ірі зымырандардың қатарына жатады. Оның биіктігі АҚШ-тағы Бостандық мүсінінен де биік. Зымыран екі бөліктен тұрады: қуатты Super Heavy үдеткіші және Starship жоғарғы сатысы. Жобаның басты ерекшелігі – екі бөлікті де бірнеше рет қайта пайдалануға мүмкіндік беру.

NASA бұл зымыранды болашақта Айға ұшу бағдарламасында қолдануды жоспарлап отыр. Ал Илон Масктің басты мақсаты – Starship арқылы адамдарды Марсқа жеткізу. Сондықтан бұл сынақ SpaceX үшін ғана емес, жалпы ғарыш саласы үшін де маңызды кезең саналады.

Тэгтер:

ғарыш зымыран