Ақбаян Мұқанғалиеваның туысы оның бес баласын толық қамқорлығына алу мүмкін емес екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, балалардың тағдырына қатысты шешім қабылдау қиынға соққан, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қазір біреудің баласын біреу бақпайды. Өз балаңды бағу қиын. Ақбаян жазылып шықса оған көмектесер едік», - дейді Ақбаянның туысы.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсанында Атырауда бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен болатын. Кейін олардың сүйектері өз үйлерінің ауласынан табылған.
Тергеу мәліметінше, негізгі күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев танылған. Кейін оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікке ілініп, екеуі Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.
Қазір олардың бес баласы мемлекет қамқорлығындағы мекемеде тәрбиеленіп жатыр. Психологтардың айтуынша, балалардың жағдайы тұрақты. Алайда олар ата-анасын жиі іздеп, сағынатынын айтып жүр.