Ермек Нарымбайдың ісі сотқа жолданды

Бүгін, 10:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Facebook.com/YermekNarymbai

Қазақстандық саясаткер әрі азаматтық белсенді Ермек Нарымбайға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы адвокаты Василий Садықов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қорғаушының айтуынша, Нарымбай ісі сотқа өткенін білгеннен кейін тергеу изоляторында жариялаған аштық акциясын тоқтатқан. Іс материалдары сотқа 18 мамыр күні түскен.

Адвокаттар тергеудің 22 сәуірде аяқталғанын хабарланғанымен, істің прокуратурада бірнеше апта жатқанын айтты. Қорғау тарапы материалдарда көптеген өрескел заңбұзушылық бар деп есептейді.

Сонымен қатар қорғаушылар істі мүмкіндігінше ашық форматта қарауды талап етті. Олардың сөзінше, материалдарда мемлекеттік құпия жоқ, сондықтан сот отырыстары ашық өтуі тиіс. Алғашқы сот отырысының күні кейінірек хабарланады.

Айта кетсек, Ермек Нарымбайға қатысты қылмыстық қудалаудың жаңа кезеңі 2026 жылдың ақпанында басталды. 4 ақпанда оның Қырғызстан аумағында ұсталғаны белгілі болды. Әріптестері мен құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, ол ресми сот қаулысынсыз Қазақстанға депортацияланған. 5 ақпанда Астана соты оны қамауға алуға санкция берді.

Қылмыстық іс полиция қызметкерлерінің рапорты негізінде қозғалған. Олар әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белсендінің конституциялық реформаға қатысты пікірлері мен талқылаулары жарияланған жазбаларын анықтаған. Тергеу болжамы бойынша, Нарымбай бұл әрекеттерімен өзіне бұрын сот салған интернетте ақпарат жариялауға тыйымды бұзған. Қылмыстық іс қозғалғанға дейін белсенді 2025 жылы осындай бұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тэгтер:

сот тергеу адвокат Ермек Нарымбай