Радардан жоғалып, 35 жылдан кейін пайда болған ұшақ: 513-рейстің шындығы неде?

Бүгін, 14:03 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

1954 жылы Сантьягодан ұшып шығып, арада 35 жыл өткен соң қайта пайда болды делінетін 513-рейс туралы хикая әлі күнге дейін көпшіліктің қызығушылығын оятып келеді. Бұл оқиға ресми түрде дәлелденбегенімен, авиация тарихындағы ең тылсым әрі қорқынышты аңыздардың бірі ретінде жиі айтылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аңыз бойынша, оқиға 1954 жылдың 4 қыркүйегінде басталған. Сол күні бортында 88 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі бар ұшақ әдеттегі бағыт бойынша сапарға шыққан. Ұшақта күдік тудыратын жолаушылар да, құпия жүк те болмағаны айтылады.

Алайда әуе кемесі ұшқаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Атлант мұхитының үстінде радардан кенет жоғалып кеткен. Экипаж апат белгісін бермеген, байланысқа да шықпаған. Бастапқыда мамандар лайнер мұхитқа құлаған болуы мүмкін деп болжаған. Бірақ ұшақтың сынықтары да, апат орны да табылмаған соң, бұл оқиға тіпті жұмбақ сипат ала түскен.

Уақыт өте келе 513-рейс туралы әңгіме ұмытыла бастаған. Сол кезеңдегі кейбір басылымдар бұл оқиға жайлы жазғанымен, нақты жауап табылмағандықтан, көпшілік оны біртіндеп естен шығарған.

Алайда аңыздың ең қорқынышты бөлігі 1989 жылы басталады. Айтылым бойынша, сол жылы Бразилияның Порту-Алегри әуежайының радарында белгісіз ұшақ пайда болған. Диспетчерлер экипажбен байланыс орнатуға тырысқанымен, борттан ешқандай жауап болмаған. Соған қарамастан ұшақ әуежайға қонған.

Қауіпсіздік қызметкерлері әуе кемесіне жақындағанда, оның сыртында Santiago Air Lines деген жазуды байқаған. Ал бұл компания 1956 жылы жұмысын тоқтатқан делінеді. Ең таңғаларлығы, ұшақтың борт нөмірі 513 болып шыққан. Бұл 1954 жылы із-түссіз жоғалған рейспен сәйкес келген.

Қызметкерлер ұшақтың ішіне кіргенде, одан да үрейлі көрініске тап болғаны айтылады. Борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері қаңқа күйінде отырған. Ал ұшақты кім басқарғаны және оның қалай қонғаны белгісіз күйінде қалған.

Осыдан кейін 513-рейске қатысты түрлі болжам тарады. Кейбіреулер бұл оқиғаны уақыт пен кеңістіктегі түсініксіз құбылыспен байланыстырды. Яғни жер бетінде 35 жыл өтсе де, ұшақ үшін басқа бір өлшемде небәрі бірнеше минут қана өткен болуы мүмкін деген жорамал айтылды.

Дегенмен бұл оқиғаға күмәнмен қарайтындар да аз емес. Көптеген зерттеушілер 513-рейс туралы әңгімені нақты тарихи дерек емес, газет бетінде туған қалалық аңыз немесе ойдан шығарылған хикая деп санайды. Себебі мұндай рейс пен апат туралы ресми авиациялық дереккөздерде нақты мәлімет жоқ.

Соған қарамастан, "35 жылдан кейін оралған ұшақ" туралы аңыз әлі күнге дейін елді қызықтырып келеді. Біреулер оны уақыт кеңістігіне қатысты жұмбақ құбылыс деп қабылдаса, енді бірі жай ғана қорқынышты оқиға ретінде қарайды. Қалай болғанда да, 513-рейс туралы хикая адам қиялын қозғайтын ең тылсым авиациялық аңыздардың бірі болып қала берді.

Тэгтер:

Ұшақ радар