Миллиардты кімдер бөліп алды? ҚТЖ топ-менеджерлерінің даулы сыйақысы туралы шындық

Бүгін, 17:11 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚТЖ

«Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов есеп беру кездесуінде компания басшылығына төленген сыйақыларға қатысты пікір білдірді. ҚТЖ есебі бойынша, бұл сома бір миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды Arasha.kz сайты NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Журналистер бұған дейін БАҚ-та ҚТЖ топ-менеджерлерінің сыйақысы «ҚазМұнайГазбен» салыстырылғанын, нәтижесінде теміржол компаниясындағы төлемдер екі есеге жуық көп екені айтылғанын еске салды. Сондай-ақ, тілшілер компанияның 4 триллион теңгеден асатын қарызына және жақында теміржол билеттерінің бағасы 7%-ға қымбаттағанына назар аударды.

Алдыбергенов бұған жауап ретінде тарифтер тек инфляция деңгейінде ғана көтерілгенін мәлімдеді. Ол сыйақы мөлшерін компания басқармасы емес, «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік ережелеріне сәйкес директорлар кеңесі бекітетінін атап өтті.

«Сыйақы тек таза пайда болған жағдайда ғана төленеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ таза пайданы 2,1 есеге арттырды. Егер 2024 жылы ол шамамен 185 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 340 млрд теңгеге жетті», – деді компания басшысы.

Ол аталған жалпы сомаға тек басқарма мүшелерінің сыйақысы ғана емес, директорлар кеңесіне төленетін төлемдер, еңбек демалысы ақысы, жалақы және басқа да өтемақылар кіретінін нақтылады.

Алдыбергеновтің айтуынша, шешім бірнеше тексеру кезеңінен – ішкі аудит, комплаенс-қызмет және қор тарапынан бақылаудан өтеді. Ол түпкілікті шешімді директорлар кеңесі қабылдайтынын жеткізді.

Кездесу барысында журналистер бір миллиард теңгеден астам соманың қанша адамға бөлінгенін сұрады.

«19 адамға», – деп жауап берді ҚТЖ басшысы.

Тэгтер:

ҚТЖ сыйақы топ-менеджерлер