"Ауырмаңыз, Нұрсұлтан аға!": Назарбаевқа арналған жазба желіде талқыға түсті

Бүгін, 13:15 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/elbasy_nazarbayev

Әлеуметтік желіде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жазба көпшіліктің назарын аударды. Instagram қолданушысы Ләззат Асанова Елбасыға денсаулық тілеп, "Ауырмаңыз, Нұрсұлтан аға!" деген жазба жариялаған, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Автор өз жазбасында ел басқару оңай міндет емес екенін айтып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет тізгінін ұстаған тұлғалардың еңбегі тарихта қалатынын атап өткен. Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев елдің қалыптасу кезеңінде экономика, сыртқы саясат және елорданы дамыту бағытында маңызды шешімдер қабылдаған.

Instagram қолданушысы халықтың алғысы мен ақ батасы елге қызмет еткен азамат үшін ең үлкен марапат екенін жазған. Сондай-ақ ол денсаулықтың адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі екенін айтып, ел ағасына саулық пен ұзақ ғұмыр тілеуді халқымыздың ізгі дәстүрімен байланыстырған.

Жазба авторы ел ішінде бірлік пен тұрақтылық сақталып, көк байрақтың әрдайым биікте желбірей беруін де тілеген. Алайда жарияланымға қоса салынған сурет желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Онда Назарбаевтың ауруханада жатқандай бейнесі көрсетілген, бірақ бұл фотоның нақты оқиғамен байланысы бар-жоғы расталмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты түрлі ақпарат тараған еді. Астанадағы University Medical Center медициналық орталығы Назарбаевқа жүрегіне тағы да ота жасалды деген мәліметке түсініктеме беріп, бұл ақпараттың ескі дерекке негізделгенін мәлімдеген. UMC қоғамды тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырған.

Медициналық орталықтың мәліметінше, Назарбаевқа жасалған операция туралы соңғы ресми ақпарат 2023 жылы жарияланған. Ол кезде хирургиялық араласуды белгілі кардиохирург Юрий Пя жүргізгені хабарланған болатын.

Тэгтер:

Нұрсұлтан Назарбаев