Иран мен АҚШ арасындағы соғысқа қатысты келіссөздерде жақын арада үлкен серпіліс болады деген үміт бәсеңдей бастады. Екі тарап та дипломатиялық процестің жалғасып жатқанын айтқанымен, негізгі түйткілдердің әлі шешілмегенін мойындап отыр. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздықтың ұзаққа созылуы мүмкін екенін көрсетеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Иранмен келісімге келуге тырысатынын, бірақ нәтиже болмаса «басқа жолды» қарастыратынын мәлімдеген. Ол Үндістан астанасы Нью-Делиде сөйлеген сөзінде дипломатияға мүмкіндік берілетінін, алайда АҚШ барлық сценарийге дайын екенін айтты.
Соңғы апталарда әлемдік саясаттағы басты тақырыптардың бірі – Ормуз бұғазы. Себебі дәл осы теңіз жолы арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі тасымалданады. Үш айға созылған Иранға қатысты әскери қақтығыс басталғалы бері бұл бұғаз іс жүзінде толыққанды жұмысын тоқтатты. Соғысқа дейін күніне 125-140 кеме өтсе, қазір тек аз ғана кемелер қозғалысы сақталған.
Ормуз бұғазының жабылуы мұнай бағасының күрт көтерілуіне себеп болды. Энергетикалық дағдарыс жанармай, тыңайтқыш және азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер етті. Әсіресе Азия елдері мен Еуропа нарығы бұл қысымды қатты сезініп отыр.
Алайда дүйсенбі күні мұнай бағасы екі аптадағы ең төменгі деңгейге түсті. Нарықта АҚШ пен Иран келісімге жақындап қалды деген оптимизм пайда болды. Инвесторлар тараптардың кем дегенде Ормуз бұғазын ашу бойынша ортақ мәмілеге келуі мүмкін деп күтуде.
Марко Рубионың айтуынша, келіссөз үстелінде нақты ұсыныстар бар. АҚШ Иранның бұғазды қайта ашуына және ядролық бағдарламаға қатысты уақытша келіссөздерді бастауына үміт артады. Вашингтон мұны соғысты тоқтатуға апаратын алғашқы маңызды қадам ретінде қарастырып отыр.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаеи де келіссөздерде белгілі бір прогресс бар екенін растады. Бірақ ол «келісімге қол қоюға жақын қалдық» деуге әлі ерте екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі талқыланып жатқан құжат 14 тармақтан тұрады және негізінен соғысты тоқтату мен АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасын алып тастау мәселесіне бағытталған.
Тегеран бұғаз арқылы өтетін кемелерден ресми төлем алынбайтынын мәлімдеді. Бірақ Иран навигация, қауіпсіздік және экологиялық қорғау қызметтері үшін ақы енгізілуі мүмкін екенін айтып отыр. Бұл жүйе Оманмен бірлескен арнайы хаттама арқылы реттелмек.
Қазір негізгі даулы мәселелер бұрынғысынша өзгермеген. АҚШ Иранның жоғары деңгейде байытылған уран қорын қысқартуын талап етеді. Президент Дональд Трамптың негізгі мақсаты – Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу. Ал Тегеран болса, өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа арналғанын қайталап келеді.
Сонымен бірге Иран шетел банктерінде бұғатталған ондаған миллиард доллар мұнай кірісін қайтаруды және санкциялардың алынуын талап етіп отыр. Бұл – келіссөздердің ең күрделі тұстарының бірі.
Reuters дерегіне сүйенсек, Иран тарапы болашақта байытылған уран мәселесін шешудің «қолайлы формулалары» табылуы мүмкін екенін айтқан. Соның бірі – жоғары деңгейде байытылған уранды БҰҰ-ның ядролық бақылау агенттігінің қадағалауымен әлсірету.
Бірақ аймақтағы геосаяси шиеленіс тек ядролық бағдарламамен шектелмейді. Израильдің Ливандағы «Хезболла» ұйымына қарсы операциялары да келіссөздерге әсер етіп отыр. Бұл ұйымды Иран қолдайды. Сондықтан қазіргі келіссөздер Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарапайым дипломатиялық диалог емес, бүкіл Таяу Шығыстағы ықпал аймақтарын қайта бөлудің бір бөлігіне айналып барады.
Саяси сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытша бітім өте әлсіз. АҚШ ішінде де Иранға қатысты саясат қызу талқылануда. Соғыс салдарынан энергия бағасының өсуі Дональд Трамптың рейтингіне әсер ете бастады. Сонымен қатар Конгресте президенттің әскери өкілеттігін шектеуді талап ететін бастамалар күшейіп келеді.
Трамп болса, Иранмен жасалатын келісімнің «дұрыс әрі тиімді» болатынын айтып, өзіне сын айтушыларды жауапсыз мәлімдеме жасады деп айыптады.
Ал Таяу Шығыстағы қарапайым халық үшін бұл тек дипломатиялық ойын емес. Соғыс салдарынан Иранда мыңдаған адам қаза тапты. Ливанда жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Израиль мен Иран арасындағы шабуылдар көрші Парсы шығанағы елдеріне де әсер етті.
Қазір әлем назарын Ормуз бұғазы мен Вашингтон-Тегеран келіссөздеріне аударып отыр. Себебі бұл тек аймақтық мәселе емес. Мұнда мұнай бағасы, жаһандық инфляция, азық-түлік қауіпсіздігі және халықаралық сауда жолдарының болашағы қатар тұр.