Кеңес Одағы Батырының ұлы Анатолий Бирюков Мәскеу мен Чехов қалаларын үрейде ұстаған қылмыскер ретінде тарихта қалды. Кейін ел арасында "балалар аңшысы" деген лақап атпен белгілі болған ол қысқа уақыт ішінде бірнеше сәбидің өмірін қиған. Қылмыскерді ұстау үшін Мәскеу полициясының едәуір күші жұмылдырылған, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Анатолий Бирюков 1939 жылы Мәскеу облысына қарасты Чехов қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Николай Бирюков Ұлы Отан соғысына қатысқан, генерал-лейтенант шеніне дейін көтерілген және Кеңес Одағының Батыры атанған тұлға еді. Әкесі ұлын қатаң тәртіппен тәрбиелеп, одан үлкен үміт күткен.
Алайда Анатолийдің балалық шағында болған бір оқиға оның өміріне ауыр із қалдырған. Сегіз жасында ол әкесінің патрондарын бөлшектемек болған кезде жарылыс болып, ауыр жарақат алған. Сол жағдайдан кейін оның бетінде өмір бойы кетпейтін тыртық қалған. Кейін ол бұл жараны өзгелерге қайнаған суға күйіп қалғанынан деп түсіндіріп жүрген.
Осы оқиғадан соң Анатолий тұйықталып, айналасындағы адамдармен көп араласпайтын болған. Мектепте жақсы оқып, мұғалімдерінен мақтау естігенімен, ішкі күйзелісі күшейе түскен. Әкесінің жолын қуып, әскери қызметті таңдаудың орнына слесарь мамандығын меңгерген. Кейін құрылыс саласында жұмыс істеп, отбасын құрып, екі қыздың әкесі атанған.
Бирюковтың балаларға қатысты күмәнді әрекеттері алғаш рет 1971 жылы байқалған. Ол балалар емханасының маңында тұрған арбадан сәбиді алып кетуге тырысқан. Анасы дер кезінде байқап, көмек шақырған соң ер адам ұсталған. Алайда ол бұл әрекетін "қараусыз қалған балаға сабақ болсын дедім" деп түсіндірген. Сол кезде полицейлер оның сөзіне сеніп, босатып жіберген.
Арада бір жыл өткенде ол тағы да баланы ұрламақ болған кезде қолға түскен. Кейбір деректерде оның үш жылға сотталғаны айтылса, енді бір мәліметтерде жазадан құтылып кеткені көрсетіледі. Осы оқиғадан кейін әйелі онымен ажырасқан.
1977 жылдың күзінде Мәскеуде жантүршігерлік қылмыстар тізбегі басталды. Алдымен үш айлық сәби жоғалып, кейін оның қаза тапқаны анықталған. Көп ұзамай тағы бір сәби жоғалып, бір айдан соң денесі табылған. Тергеушілер екі оқиғаның да бір адамның қолымен жасалғанын түсінгенімен, күдіктіні бірден анықтай алмаған.
Кейін тағы бір баланың жоғалуы қала тұрғындарының үрейін күшейтті. Мәскеудегі ата-аналар балаларын бір сәтке де қараусыз қалдырудан қорқа бастады. Полиция күдіктінің фотороботын жасап, іздеу шараларын күшейтті.
Іздеу жұмыстары қыза түскенін сезген Бирюков қылмыстарын туған жері Чеховта жалғастыруға тырысқан. Онда да екі сәби жоғалып, кейін қаза тапқан күйінде табылған.
1977 жылдың 21 қазанында ол тағы бір баланы алып қашпақ болғанда, анасы байқап қалып, айғай көтерген. Қашып құтылу үшін Бирюков сәбиді жерге тастап кеткен. Абырой болғанда, бала аман қалған. Ал куәгерлер қылмыскердің түрін анық көріп үлгерген.
Осы оқиғадан кейін жасалған фоторобот тергеушілерді нақты күдіктіге алып келді. Көп ұзамай полиция Бирюков жұмыс істейтін құрылыс мекемесіне барып, оның кім екенін анықтады. Сол күні ол өз үйінде ұсталды.
Тергеу барысында Анатолий Бирюков бес сәбидің өліміне қатысы барын мойындаған. Ол қылмыстарының мән-жайын айтып берген.
Бастапқыда Бирюков әкесі өзін құтқарып қалады деп сенген. Николай Бирюков та алғашында ұлының мұндай ауыр қылмысқа барғанына сенгісі келмей, оған тәжірибелі адвокат жалдаған. Алайда сот барысында дәлелдер расталғаннан кейін генерал көпшілік алдында ұлынан бас тартқан.
Сот-психиатриялық сараптама Анатолий Бирюковты есі дұрыс деп таныды. Сот оны өлім жазасына кесті. Қылмыскер бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғанымен, бұл әрекеттері іске аспаған. Кейін түрлі органдарға кешірім сұрап хат жазған, бірақ өтініштері қабылданбады.
Анатолий Бирюков 1979 жылдың 24 ақпанында атылды. Осылайша әкесі соғыс батыры атанған отбасының ұлы Кеңес дәуіріндегі ең сұмдық қылмыстардың бірімен тарихта қалды.