БЖБ мен ТЖБ жойылуы мүмкін: мектептерде не өзгереді?

Бүгін, 16:26 / Альфия Адамбек
Фото: Depositphotos

Қазақстанда мектептердегі бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жүйесінен біртіндеп бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты ауқымды талдау жұмыстарын жүргізуде. Оның орнына мектептерде диктант, шығарма, мазмұндама секілді жеке бақылау жұмыстары көбірек енгізіле бастаған.

Сондықтан ведомство алдағы уақытта БЖБ мен ТЖБ жүйесінен біртіндеп бас тартуды жоспарлап отыр. Алайда бұл үшін нақты талдау мен негіздеме қажет екені айтылды.

Сондай-ақ 2025–2026 оқу жылы бойынша 1–11 сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ нәтижелеріне талдау жүргізілген. Тамыз конференциясына дейін қай сыныптарда бұл жүйе сақталатыны, ал қай сыныптарда басқа бағалау тәсілдері енгізілетіні анықталмақ.

Айта кетейік, БЖБ мен ТЖБ-ға байланысты жүктеме мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. 2019 жылы министрлік кей мектептерде бір күнде 6–7 БЖБ немесе ТЖБ өткізілетінін айтып, мұны орынсыз деп бағалаған еді.

Тэгтер:

оқушы мектеп мазмұндама шығарма