Полицейлер есірткі сатушысын ұстау үшін биші қыздардың кейпіне енді. Ерекше операция Таиландтағы Тха Луанг қаласында өткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, құқық қорғау органдары интернет арқылы заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырды және есірткі сатты деген күдікке ілінген ер адамды ұстаған. Операция барысында алты полицей көше фестиваліндегі бишілер сияқты киінген. Олардың бесеуі ер адамдар болған.
Күдікті мерекелік шара кезінде қоршауға алынып, сол жерде қолға түскен. Тінту кезінде оның жанынан 53 дана метамфетамин таблеткасы және есірткіні қаптауға арналған 200-ден астам пластик пакет табылған. Қазір ол қамауда отыр.
Бұл Таиланд полициясының қылмыскерлерді ерекше әдіспен ұстаған алғашқы оқиғасы емес. Бұған дейін Бангкок қаласында Жаңа жыл мерекесі кезінде бірнеше полицей алып арыстанның костюмін киіп, ұрлық жасады деген күдікке ілінген жігітті ұстаған болатын.