Өзбек тарихшысы Бахтиёр Алимджанов Қазақстан, Өзбекстан, Алтын Орда мұрасы, Тимуридтер идеологиясы, исламдану және Орталық Азиядағы ұлттық мифтер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Орталық Азияда тарих тек өткен шақтың әңгімесі емес. Ол – бүгінгі саясаттың, ұлттық өзін-өзі танудың, шекара дауының, тіл мәселесінің және билік идеологиясының бір бөлігі. Қазақстан Алтын Орда мұрасын қайта сөйлетіп жатқанда, Өзбекстан Тимуридтер дәуірін ұлттық брендке айналдырды. Бір қарағанда бұл – тарихи жадыны жаңғырту. Бірақ тереңірек қарасақ, бұл процестің ішінде бәсеке де, қорқыныш та, көрші елдердің бір-біріне деген ішкі күдігі де бар.
Өзбек тарихшысы, саясаттанушы әрі журналист Бахтиёр Алимджанов қатысқан сұхбатта дәл осы күрделі тақырыптар қозғалды. Әңгіме «қазақ империализмі» деген өткір тіркестен басталып, исламдану, тіл, ұлтшылдық, мемлекеттік идеология, Ташкент пен Түркістанның символдық маңызы, Тимур мен Алтын Орда мұрасына дейін ұласты.
Алимджановтың негізгі ойы біреу: Орталық Азия елдері тарихты зерттеп қана отырған жоқ, оны бүгінгі саяси қажеттілікке қарай қайта құрастырып жатыр. Ал бұл кейде халыққа сенім берсе, кейде көрші елдер арасында жасырын бәсекені күшейтеді.
Билікті киелеу: Түркістан, Самарқан және президенттер мазары
Сұхбаттың алғашқы бөлігінде Орталық Азиядағы билік символдары мен бұрынғы басшыларды жерлеу дәстүрі сөз болды. Қазақстанда тарихи тұлғаларды Түркістанмен байланыстыру үрдісі бар. Өзбекстанда мұндай символдық кеңістік ретінде Самарқан жиі аталады.
Алимджанов Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың Самарқанда жерленуін мысалға алып, бұл құбылысты билікті сакрализациялау, яғни киелеу процесімен байланыстырады. Оның айтуынша, Каримовтың мазары Шахи-Зинда маңында орналасқаны бұрынғы коммунист басшыны біртіндеп қасиетті тұлғаға айналдыруға әсер еткен.
Тарихшы бұл құбылысты сынайды. Оның пікірінше, бұрынғы мемлекет басшыларын туған жеріне қарай бөлек-бөлек жерлеу емес, бір ортақ ұлттық пантеон жасау қисындырақ болар еді.
«Мен әрдайым қарсы болдым. Меніңше, оларды бір жерде, астанада жерлеу керек», – дейді Алимджанов.
Бұл жерде мәселе тек қабірде емес. Мазар, кесене, пантеон – бәрі саяси символ. Билік қайда жерленсе, сол жердің тарихи мәртебесі де өзгереді. Самарқандағы Каримов мазары, Түркістандағы қазақ хандары кесенесі, Ташкенттегі Чағатай зираты – мұның бәрі Орталық Азияда тарих пен биліктің әлі де бір-бірінен ажырамағанын көрсетеді.
«Қазақстан империялық елге айналып барады»: тарихшының даулы пікірі
Сұхбаттағы ең өткір тұстың бірі – Алимджановтың Қазақстан туралы айтқан пікірі. Ол Қазақстанның Алтын Орда мұрасын белсенді түрде көтеруін жай тарихи қызығушылық емес, аймақтық лидерлікке ұмтылудың белгісі ретінде түсіндіреді.
«Қазақстан мені аздап алаңдатады. Өйткені ол қазір империялық сипатқа ие бола бастады. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагері ретінде көрсетіп отыр. Бұл — 800 жылдық сабақтастық туралы мәлімдеме», – дейді тарихшы.
Оның ойынша, Алтын Орда мұрасын иелену қазақ қоғамына жаңа тарихи масштаб береді. Егер әр қазақ өзін көне империялық кеңістіктің мұрагері ретінде сезінсе, бұл қазіргі ұлттық санаға да әсер етеді. Алимджанов мұны ежелгі Рим азаматының өзін ерекше өркениеттік кеңістік өкілі ретінде сезінуімен салыстырады.
Ол мұндай үрдістің көрші елдерде, әсіресе Ташкент тұрғысынан сезімтал қабылданатынын жасырмайды. Себебі Ташкент тарихта қазақ хандығының, Ұлы жүздің, Қоқан хандығының және өзбек қалалық мәдениетінің тоғысқан жері болды. Сондықтан Ташкентке қатысты тарихи интерпретациялар қазақ пен өзбек арасында бейресми бәсекені тудырады.
«Мен бұған өзбек ретінде емес, ташкенттік ретінде қараймын», – дейді Алимджанов.
Бұл – маңызды деталь. Себебі Орталық Азияда ұлттық бірегейлікпен қатар өңірлік бірегейлік те күшті. Ташкенттік, самарқандық, бұхаралық, түркістандық, шымкенттік болу кейде этникалық ұғымнан да терең әлеуметтік мағынаға ие.
Ташкент кімнің қаласы? Шекара, тарих және қауіпті қиял
Әңгімеде Ташкенттің тарихи мәртебесі бірнеше рет қозғалды. Алимджанов ХХ ғасырдың басында қазақ қайраткерлерінің Ташкентке қатысты саяси ұстанымдары болғанын еске салады. Оның айтуынша, кез келген шекара – тарихи тұрғыдан өзгермейтін мәңгілік нәрсе емес.
«Қазіргі саяси шекаралар динамикалық. Путиннен, Трамптан, Си Цзиньпиннен кейін кез келген шекараның өзгеруі мүмкін екенін түсіндік. Ештеңеге толық кепілдік жоқ», – дейді ол.
Бұл сөзді тікелей аумақтық талап ретінде қабылдауға болмайды. Керісінше, Алимджанов тарихшы және саясаттанушы ретінде кез келген мемлекеттің шекараға қатысты тарихи нарративті абай қолдануы керек екенін меңзейді. Себебі тарихта «бұл қала біздікі болған», «бұл өңір біздің хандыққа кірген» деген аргументтер оңай саяси құралға айналады.
Оның айтуынша, қазақтар арасында Ташкентті тарихи қазақ кеңістігі ретінде елестететіндер бар. Өзбектер арасында да Түркістан мен Шымкентке қатысты ұқсас қалжың-әңгімелер кездеседі. Бірақ тарихшы мұндай дискурстың қауіпті екенін ескертеді.
«Мұны соғыспен, қақтығыспен шешуге болмайтынын түсінеміз. Бірақ шекаралық конфликтілер өте сезімтал», – дейді ол.
Орталық Азия елдері үшін бұл ескерту маңызды. Өйткені аймақтағы шекаралар көбіне кеңестік әкімшілік бөліністерден шыққан. Ал тарихи-мәдени кеңістік бұл шекаралардан әлдеқайда күрделі әрі қабаттасқан.
Тимуридтер мен Алтын Орда: екі елдің тарихи бренді
Қазақстан Алтын Орда мұрасын жаңғыртып жатса, Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан бері Әмір Темір мен Тимуридтер дәуірін ұлттық идеяның басты тірегіне айналдырды. Алимджанов бұл екі процестің бір-біріне ұқсайтынын айтады.
Қазақстан үшін Жошы ұлысы – мемлекетшілдік сабақтастығының дәлелі. Өзбекстан үшін Тимуридтер – өркениет, қала мәдениеті, ренессанс және мемлекеттілік символы. Бірақ тарихшының өзі Әмір Темірге аса ықыласты емес.
«Мен Тимурдың жанкүйері емеспін. Мен әрдайым оның ескерткішін алып тастау керек деп айтамын», – дейді Алимджанов.
Оның айтуынша, Өзбекстанда Тимур образы тым идеологияландырылған. Тимуридтер дәуірі «екінші ренессанс» ретінде дәріптеледі. Бірақ бұл тарихи кезеңді тек мақтаныш құралына айналдыру ғылыми зерттеуді шектейді.
Алимджановтың қызық пікірі – ол Шайбани ханға көбірек назар аудару керек деп санайды. Себебі Шайбани хан Ақ Ордамен, Әбілқайыр хан әулетімен, Дешті Қыпшақ кеңістігімен байланысты тұлға. Бұл жерде қазақ пен өзбек тарихының бір-бірінен толық бөлек емес, керісінше, қатты аралас екенін көруге болады.
Мемлекеттілік ұғымы неге даулы?
Сұхбатта ең терең талқыланған тақырыптардың бірі – «мемлекеттілік» ұғымы. Қазақстанда «800 жылдық мемлекеттілік», Өзбекстанда «3000 жылдық мемлекеттілік» деген тезистер жиі айтылады. Алимджанов бұл ұғымдарға күмәнмен қарайды.
Оның пікірінше, билік, мемлекет, халық және қазіргі ұлт ұғымдарын бір-біріне механикалық түрде байлау дұрыс емес. Мысалы, белгілі бір аумақта ежелгі мемлекет болғаны сол жерде бүгінгі ұлттың дәл сол күйінде өмір сүргенін білдірмейді.
«Мені осы нәрсе алаңдатады: неге билікті міндетті түрде қазіргі ұлтпен байланыстыру керек? Егер ол кезде бүгінгі мағынадағы мемлекет болмаған болса, неге оны бүгінгі ұлтқа тіркей береміз?» – дейді тарихшы.
Бұл жерде ол «state» және «stateness» ұғымдарының да айырмашылығын еске салады. Мемлекет – нақты саяси құрылым. Ал мемлекеттілік – ұзақ тарихи-саяси дәстүр, институттар жиынтығы, басқару мәдениеті. Бірақ посткеңестік елдерде бұл екі ұғым жиі шатастырылады.
Алимджановтың ойынша, мұндай шатасу ұлтшылдық интерпретацияларға жол ашады. Егер мемлекетшілдік тек бір этностың атымен байланыстырылса, онда сол елдегі басқа этностар өзін екінші қатарда сезінуі мүмкін.
«Титулды ұлт» және тіл мәселесі
Сұхбатта Қазақстан мен Өзбекстандағы тіл саясаты да сөз болды. Алимджанов «титулды ұлт» деген терминнің өзіне күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, бұл ұғым әрдайым конфликт әлеуетін сақтайды.
«Мені “титулды ұлт” деген термин жүйкеме тиеді. Бұл – жергілікті ұлтшылдықтың іргетасы», – дейді ол.
Тарихшы мемлекеттік тіл мәселесін де осы тұрғыдан қарастырады. Оның ойынша, бір тілге ерекше құқықтық мәртебе беру басқа тілдерді иерархияның төменгі сатысына ығыстырады. Ол тіпті радикалды ұсыныс айтады: Өзбекстанда тәжік тілін, Тәжікстанда өзбек тілін, Қазақстанда өзбек тілін мемлекеттік деңгейде мойындау арқылы тарихи-мәдени шиеленісті азайтуға болады дейді.
Бұл ұсыныс Қазақстан контекстінде өте даулы естілетіні анық. Себебі Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі – отарсыздану, ұлттық жаңғыру және тарихи әділет мәселесімен тікелей байланысты. Бірақ Алимджановтың ойы басқа: ол тілдің тек мәдени құрал емес, саяси триггер екенін айтқысы келеді.
Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми қолданыстағы тіл ретінде конституциялық кеңістікте сақталған. Өзбекстанда мемлекеттік тіл – өзбек тілі. Бірақ екі елде де орыс тілі, өңірлік тілдер, диаспора тілдері қоғамдық кеңістікте әртүрлі деңгейде қолданылады.
Түркістандағы өзбек тілінің күнделікті рөлі туралы мысал да айтылды. Подкаст жүргізушілерінің бірі Түркістанда жұмысқа қазақ және өзбек тілін білетін оператор іздеген хабарландыруды көргенін айтады. Бұл ресми саясаттан бөлек, шынайы өмірде тілдік карта әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді.
Ұлтшылдық: эмоция ма, әлде тарихи қорғаныс па?
Алимджанов қазақ ұлтшылдығын да, өзбек ұлтшылдығын да толық түсінбейтінін айтады. Оның пікірінше, қазіргі Орталық Азия ұлтшылдығы көбіне эмоцияға сүйенеді.
«Кез келген ұлтшылдық эмоцияға сүйенеді. Ұлтшылдық дегеніміз — мүмкіндік пен шынайылықтың сәйкес келмеуі», – дейді ол.
Бұл анықтама өте өткір. Тарихшының айтуынша, қоғам жақсы өмір сүргісі келеді, бірақ қазіргі әлеуметтік-экономикалық мүмкіндік оған жетпейді. Сол кезде халық өткеннен ұлылық іздейді. Бірі Алтын Ордаға, бірі Тимуридтерге, бірі ежелгі қалаларға, бірі діни мұраға сүйенеді.
Осы тұста Алимджанов тарихшылардың қоғамдағы рөлін де ирониямен сипаттайды.
«Тарихшылар арман сатады. Егер бүгінгі күнің нашар болса, олар саған ұлы өткенің мен жарқын болашағың бар екенін айтады», – дейді ол.
Бұл сөзде ащы шындық бар. Орталық Азияда тарих көбіне академиялық зерттеу ретінде емес, ұлттық жұбаныш, саяси ресурс және идеологиялық тауар ретінде қабылданады. Халыққа «сенің өткенің ұлы болған» деген тезис ұнайды. Саясаткерлерге де бұл тиімді. Медиа мұны кликті көбейтетін тақырыпқа айналдырады.
Еуропалық ұлт құру моделін неге қайталап жүрміз?
Алимджанов Орталық Азия елдері ұлт құруда еуропалық XIX ғасыр моделін қайталап отыр деп санайды. Француз революциясынан кейін «француз ұлтын жасау», Италия біріккеннен кейін «итальяндарды жасау», Германияда мектеп арқылы неміс ұлтын қалыптастыру – мұның бәрі Еуропаның тарихи тәжірибесі.
Ал Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан кейін дәл осы жолды кешігіп қайталауға тырысты: мектеп оқулықтары, мемлекеттік рәміздер, ұлттық батырлар, тарихи мерейтойлар, мемлекеттілік концепциялары арқылы жаңа ұлттық сана жасалды.
«Біз, өкінішке қарай, XIX ғасыр сценарийін қайталап жатырмыз. Теория жағынан 200 жылға кешігіп келеміз», – дейді Алимджанов.
Оның ойынша, мәселе ұлт құрудың өзінде емес, оны еуропалық дайын үлгімен жасауында. Орталық Азияның саяси дәстүрі, көшпелі институттары, қала мәдениеті, діни тәжірибесі, ру-тайпалық құрылымы Еуропадан өзгеше. Сондықтан бұл өңір өзінің ұғымдарымен сөйлеуі керек.
Бірақ тәжірибеде бәрі керісінше: президент, республика, мемлекет, ұлт, титулды халық, мемлекеттік тіл сияқты ұғымдардың көбі еуропалық саяси лексикадан алынған. Ал жергілікті институттар көбіне фольклор немесе этнография деңгейінде ғана қарастырылады.
Исламдану: «қазақ пен өзбек әуелден мұсылман» деген миф пе?
Сұхбаттың маңызды бөлігі ислам тақырыбына арналды. Алимджанов Орталық Азия халықтарын автоматты түрде «мұсылман ұлттар» деп атауға қарсы. Оның пікірінше, бұл – соңғы 30 жылда күшейген түсінік.
«Кез келген қазақ немесе өзбек әуелден мұсылман деген миф бар. Бұл – абсолютті миф», – дейді тарихшы.
Ол Алтын Орда кезеңінде діни әртүрлілік болғанын, христиан, будда, тәңіршіл және басқа да сенім иелері қатар өмір сүргенін еске салады. Тіпті исламдану элитадан басталғанымен, халықтың бәрі бірден мұсылман болып кеткен жоқ.
Алимджановтың ең даулы пікірінің бірі мынау:
«Қазір, XXI ғасырда, XV ғасырға қарағанда мұсылмандар көп», – дейді ол.
Бұл сөздің астарында маңызды ой бар. Бүгін біз өткенді қазіргі діни ұғыммен өлшейміз. Ал орта ғасырда адамның діни тәжірибесі бүгінгідей институционалды, бірізді, қағидаға байланған болмауы мүмкін. Көп жағдайда ислам жерлеу, неке, сүндет, жаназа, мереке сияқты мәдени практика деңгейінде қабылданды.
Ол кеңестік кезеңнен кейінгі исламдануды да бөлек құбылыс ретінде сипаттайды. Кеңес өкіметі дінді әлсіретті, бірақ тәуелсіздік келген соң ислам ұлттық бірегейліктің бір бөлігі ретінде қайта оралды. Алайда бұл қайту да біркелкі емес: Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда діннің қоғамдық орны әртүрлі қалыптасты.
Ислам музейі және көрші елге қызығу
Сұхбатта Өзбекстандағы Ислам өркениеті музейі де аталды. Жүргізушілер Қазақстан пабликтерінде бұл тақырыптың қызу талқыланғанын айтады. Алимджанов мұны көрші елдер арасындағы жасырын салыстыру синдромымен байланыстырады.
Оның айтуынша, қазақ пабликтері Өзбекстандағы жобаларды кейде толық контекстсіз талқылайды. Бір жаңалықты алып, оны «біз неге артта қалдық?» деген эмоциялық рамкаға салады. Ал медиа үшін бұл тиімді: пікір, талас, эмоция, қаралым жинайды.
«Олар контексті білмейді. Тек қазақ ұлтшылдығын қоздыру үшін пайдаланады», – дейді Алимджанов.
Бұл жерде мәселе тек Қазақстанға қатысты емес. Өзбек қоғамында да Қазақстанға қызыға қарау, салыстыру, кейде қызғаныш бар. Тарихшы мұны Орталық Азияға ортақ «толыққанды сезінбеу комплексі» деп атайды.
Өзбекстан мен Қазақстан: ұқсас бастау, бөлек жол
Алимджанов Қазақстан мен Өзбекстанның тәуелсіздіктен кейінгі даму жолдарын да салыстырады. Оның айтуынша, екі елдің 1990-жылдардағы бастапқы жағдайы бір-біріне жақын болғанымен, реформалар бағыты бөлек кетті.
Қазақстан әлемдік экономикаға тезірек кірді, жекешелендіруді жылдам жүргізді, нарықтық қатынастарды ерте қалыптастырды. Өзбекстанда Ислам Каримов тұсында реформалар баяулады, валюта конвертациясы шектелді, Ташкентке тіркеу сияқты ескі жүйелер ұзақ сақталды.
Тарихшының айтуынша, Өзбекстанның басты жоғалтуы – ақша емес, адам капиталы болды. 1990-жылдары реформаның тоқтауы салдарынан миллионға жуық білікті маман елден кетті.
«Қазір конвертация ашылды. Бірақ жоғалған интеллектуалдық, ғылыми, мәдени әлеуетті бір күнде қайтару мүмкін емес», – дейді ол.
Бұл тұста Қазақстан мен Өзбекстанның айырмашылығы анық көрінеді. Қазақстанда капитализм, нарық, Forbes тізімі, миллиардерлер, ашық бизнес элита ертерек қалыптасты. Өзбекстанда бұл процесс кеш басталды, сондықтан бүгінгі реформалар кейде ауыр әрі шулы жүріп жатыр.
Тарих кімге керек?
Сұхбат соңында Алимджанов тарихшылар туралы ащы әрі ирониялық пікір айтады. Оның ойынша, тарихшы ешқашан толық шындықты бермейді. Ол әрдайым белгілі бір бөлік, белгілі бір ракурс, белгілі бір интерпретация ұсынады.
«Кез келген кітап – тарихтың бір бөлігі ғана. Бұл – біздің көзқарасымыз», – дейді ол.
Бұл ой қазіргі Орталық Азия үшін өте өзекті. Өйткені қоғам тарихтан дайын жауап күтеді: біз кімбіз, қайдан шықтық, кімнің мұрагеріміз, кім бізге қиянат жасады, кім бізден жер алды, кім біздің батырды иеленіп кетті?
Бірақ тарих мұндай жеңіл жауап бермейді. Ол көбіне сұрақты көбейтеді. Ал саяси идеология, керісінше, сұрақты азайтып, дайын жауап ұсынады.
Сондықтан Алимджановтың сұхбаты тек қазақ-өзбек қатынасы туралы емес. Бұл – бүкіл Орталық Азияға ортақ проблема туралы әңгіме. Біз тарихты тану үшін оқып жүрміз бе, әлде өзімізді жұбату үшін бе? Біз өткеннен сабақ іздеп жүрміз бе, әлде бүгінгі саясатқа ыңғайлы дәлел іздеп жүрміз бе?