Көкжайлауға шаттлдар қатынайды: Алматы таулы кластерінде көлік жүйесі өзгереді

Бүгін, 18:20 / Arasha.kz
istockphoto.com

Алматыны дамыту орталығы жанындағы жобалық кеңсенің «Көлік жүйесін дамыту» базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян Алматы таулы кластеріндегі көлік қолжетімділігі қалай өзгеретінін айтты. Оның сөзінше, жоба жеке көліктердің қозғалысын шектеп, қоғамдық көлік пен шаттл жүйесін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Көлік тұжырымдамасы 2024 жылдан бері әзірленіп жатыр

Артур Шахбазян соңғы үш жылда Алматы агломерациясының көлік жүйесін дамыту бағытында жұмыс істегенін айтып, мәселе тек Көкжайлауға емес, жалпы Алматы тау кластеріне қатысты екенін жеткізді.

Оның айтуынша, 2024 жылы Кіші Алматы шатқалының көлік қолжетімділігі тұжырымдамасы әзірленген. Ал 2025 жылы Туризм басқармасы Үлкен Алматы шатқалының көлік қолжетімділігі бойынша концепция дайындаған.

«Бұл тұжырымдама жеке автокөліктердің кіруін шектеуді, бірақ қоғамдық көлік арқылы қолжетімділікті арттыруды көздейді», – деді ол.

Қаланың ішінде және шатқал бойында тұрақтар салынады 

Жоба аясында арнайы перехваттық тұрақтар салу жоспарланған. Олар қаланың ішінде де, тау бағытындағы жолдардың бойында да орналасады.

«Қалаға жақын орналасқан тұрақтардың сыйымдылығы үлкен әрі қолжетімді болады», – деді Шахбазян.

Оның сөзінше, жүргізушілер көліктерін сол тұрақтарға қалдырып, ары қарай шаттлдармен қатынай алады.

Электрлі шаттлдар 10 минут сайын жүреді

Жоспар бойынша, бағыттарға 30 адамға дейін сыятын шаттлдар мен электрлі шағын автобустар қатынайды. Олар туристік курорт инфрақұрылымымен бірге іске қосылмақ.

«Шаттлдар кемінде әр 10 минут сайын қатынайды. Сонымен қатар 12, 21, 28 және Үлкен Алматы шатқалына қатынайтын 211 бағыттағы автобустардың жұмысы күшейтіледі», – деді маман.

Жол бәріне ашық болмайды

Жоба аясында жаңа кіреберіс жолдар салынғанымен, олар барлық жүргізушіге қолжетімді болмайды.

«Бұл жолдар барлық жеке көлік үшін емес. Олар шаттлдарға, қоғамдық көлікке және курортты қызмет көрсетуге арналған техникаларға пайдаланылады», – деді Артур Шахбазян.

Оның айтуынша, негізгі мақсат – жолдарды кеңейту емес, көлік ағынын дұрыс ұйымдастыру.

«Кептеліс көлік көп болғандықтан емес, қозғалыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан пайда болады»

Маман қазіргі таңда таулы аймақтарда көлік қозғалысы реттелмегенін айтты.

«Кептеліс көлік саны көп болғандықтан емес, қозғалыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан пайда болады. Сондықтан негізгі міндет – ағынды дұрыс басқару», – деді ол.

Шахбазянның сөзінше, бұл шешімдер қазір Көкжайлау мен Алматы тау-шаңғы курорты жобасын әзірлеп жатқан мамандармен бірге талқыланып жатыр.