Саясаттанушы Талғат Қалиев алдағы Құрылтай мен ықтимал саяси өзгерістерге қатысты болжамын жариялап, Қазақстандағы партиялық жүйенің даму сценарийлеріне тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның пікірінше, қазіргі таңда екі негізгі сценарий байқалады. Біріншісі – консервативті бағыт. Бұл жағдайда қазіргі партиялық-саяси конфигурация айтарлықтай өзгермей, Парламентте төрт немесе одан да көп партия сақталады. Қалиевтің айтуынша, мұндай жағдайда сайлаушылар бұрынғы және жаңа саяси ахуал арасындағы елеулі айырмашылықты байқамауы мүмкін.
«Бұл саяси мәдениеттің өсуіне және партиялардың танымалдығын арттыруға ықпал етпейді», – дейді саясаттанушы.
Екінші сценарий бойынша жаңа партия күшейіп, саяси алаңдағы ірі күштердің біріне айналуы ықтимал. Қалиев мұндай жағдайда басты интрига Amanat пен Әділет партиялары арасындағы бәсекеде болатынын айтады.
Сарапшының пікірінше, Amanat партиясының артықшылығы оның көпжылдық тәжірибесі, өңірлердегі ықпалы және бюрократиялық аппаратпен байланысында жатыр. Сонымен қатар, ол сайлау алдында қысқа мерзімде құрылған партияның жеңісі қоғам мен халықаралық бақылаушылар арасында күмән тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Қалиевтің болжамынша, ықтимал сайлау нәтижесінде Amanat 40 пайыздан сәл жоғары дауыс жинауы мүмкін, ал Әділет партиясы одан бірнеше пайызға ғана қалып қоюы ықтимал. Қалған шамамен 20 пайыз дауыс Ауыл партиясына тиесілі болуы мүмкін.
Саясаттанушы дәл осы жағдайда «Ауыл» партиясы коалиция құруда шешуші ойыншыға айналатынын айтты. Оның сөзінше, сайлаудан кейінгі негізгі күрес коалиция жасақтау төңірегінде өрбуі ықтимал.
«Егер Әділет пен Ауыл коалиция құрса, онда Мәжіліс спикері қызметіне Айбек Дәдебай келуі мүмкін», – деп болжайды Қалиев.
Сонымен қатар сарапшы коалициялар жаңа шақырылым барысында бірнеше рет өзгеруі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, саяси жағдайға байланысты спикер ауысуы немесе конституциялық көпшіліктің құрылымы өзгеруі ықтимал.