Қазақстанда 2027 жылдан бастап несие беру ережелері қалай өзгереді?

Бүгін, 15:45 / Альфия Адамбек
Фото: Depositphotos

Қазақстанда 2027 жылдан бастап несие беру талаптары күшейтілуі мүмкін. Ұлттық банк халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, азаматтың барлық несиесі мен микрокредитінің жалпы көлемі оның сегіз жылдық табысынан аспауы тиіс. Егер қарыз жүктемесі белгіленген межеден жоғары болса, банк немесе микроқаржы ұйымы жаңа несие беруден бас тартуы мүмкін.  

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл бастама қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, азаматтардың төлем қабілетін бақылауды күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, банктердің тұтынушылық несиені ретсіз таратуының алдын алу көзделіп отыр.  

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елде смартфон, той-томалақ және өзге де тұрмыстық қажеттіліктер үшін несие алатындар көбейген. Соның салдарынан банкроттыққа жүгінетін азаматтар саны да артып келеді.  

Алайда сарапшылар жаңа талаптардың кері әсері де болуы мүмкін екенін айтады. Кейбір экономистер мұндай шектеулер шағын және орта бизнеске қиындық тудырып, халықтың бір бөлігін бейресми қарыз көздеріне жүгінуге итермелеуі ықтимал екенін ескертті.  

Тэгтер:

несие банк халық қаржы