Тірідей жанған ерлі-зайыпты: Жетім қалған 4 бала әділдік іздейді

Бүгін, 16:03 / Альфия Адамбек
Фото: Instagram/ Atyrauoli

Атырау облысында жанар-жағармай бекетіндегі жарылыстан кейін сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

2025 жылдың 30 мамырында Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан «Ниет» жанар-жағармай бекетінде болған алапат өрт пен жарылыс елді есеңгіреткен қайғылы оқиғаға айналды. Оқиға салдарынан ерлі-зайыпты қызметкерлер — кассир М.Сарбасова мен жүргізуші Б.Ибетов қаза тапты. Марқұмдардың артында төрт бала ата-анасыз қалды.

Аталған жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, жергілікті тұрғындар мен туыстар оқиғаға кінәлілердің анықталып, заң алдында жауап беруін талап еткен болатын. Осыдан кейін басталған тергеу жұмыстары бір жылға жуық уақыт жүргізіліп, нәтижесінде іс сотқа жолданды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс Жылыой аудандық сотында қаралып жатыр. Сот процесі аяқталуға жақын. Марқұмдардың жақындары істің әділ қаралуын талап етіп, кінәлі тұлғаларға қатаң жаза қолданылуы тиіс екенін айтуда.

Қайғылы оқиғадан кейін ата-анасыз қалған төрт баланың тағдыры қоғам назарында қалып отыр. Туыстары мен жақындары соттың әділ шешім шығаратынына үміт артып, кінәлілердің заңға сай жауапкершілікке тартылуын күтуде.

Тэгтер:

ата-ана апат ниет жанармай