«Меломан» сөрелерінен соғыс пен диктаторлар туралы кітаптар жоғалып кетті

Бүгін, 09:42 / Қайсар Қалам
Сурет: yandex.kz

Әлеуметтік желіде қазақстандық оқырмандар ірі дүкендер желісіндегі кейбір кітаптардың сөрелерден алынып тасталғанын байқап, бұл жайт қоғамда қызу талқылау мен сауалдар тудырды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.

«Жалпы, соңғы уақытта «Меломанға» кітап алуға барған сайын бірдеңе жетіспейтіндей сезілетін, бірақ не екенін түсінбей жүрдім. Ал бүгін ұқтым — олар сөрелерден антисоветтік әдебиеттердің барлығын алып тастапты. Мысалы, Зыгарь, Гуриев, Баунов, Meduza, «Новая газета» баспаларының кітаптары және т.б. Жалпы, соғыс, диктаторлар, отарлау, кеңес заманы туралы нақты зерттеулер, тіпті Пол Пот, Мао, Сталин сияқты диктаторлар мен олардың сұмдық істері туралы батыстық зерттеулердің бәрі жойылған. Гоголь көшесіндегі «Меломанда» публицистика бөлімі түгелдей тазартылған», — деп жазды Facebook қолданушысы Дәурен Меркеев.

Желі қолданушысының айтуынша, ол кітаптардың қайда кеткенін әкімшіліктен сұрап білмек болған. Әкімші «провокация болмасын» деген желеумен бұл басшылықтың шешімі екенін түсіндірген.

«Маған қызық, олар Шаламовтың «Колымские рассказын» да алды ма? Сорокиннің барлық кітаптарын ше? Пелевиннің соңғы шығармасы әзірге тұр екен. Ал Парфеновтың «Намедни» альбомдары не болады? Ол жерде де суреттер арасында антисоветтік тұстар бар ғой. Егер біздің саясаттанушы Асқар Нұрша қазір «Путинская Россия» атты кітабын жазса, оған сөре бере ме екен? Ал бірнеше жыл бұрын ғимараттың қабырғасына салынған Гогольдің «Вечера на хуторе…» граффитиі не болады?» — деп сауал тастайды автор.

Тэгтер:

Меломан соғыс кітап диктатор