АҚШ президенті Дональд Трамп Армениядағы парламент сайлауы қарсаңында премьер-министр Никол Пашинянды қолдайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Трамп Пашинянды «досым әрі мықты көшбасшы» деп атап, оның Арменияны қауіпсіз әрі қуатты мемлекетке айналдырып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол 2026 жылғы 7 маусымда өтетін сайлауда Пашинянды толық қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Трамп АҚШ пен Армения жақын арада TRIPP деп аталатын халықаралық бейбітшілік пен өркендеу маршруты жобасы бойынша бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жоба Оңтүстік Кавказды өзгертіп, америкалық энергетикалық компанияларға Орталық Азия бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өз кезегінде Никол Пашинян Трампқа қолдауы мен жылы лебізі үшін алғыс айтты.
26 мамырда Арменияға АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио барған. Сапар барысында Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейін «стратегиялық серіктестіктен» «жан-жақты стратегиялық серіктестікке» көтеру туралы келісім жасалды.
Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық, америкалық қару-жарақ жеткізу мүмкіндігі, сондай-ақ сирек кездесетін металдар мен маңызды минералдарды өндіру саласындағы әріптестікке қатысты бірқатар құжатқа қол қойған.