Үш адам қаза тапқан "Казцинктегі" жарылыс: тергеу неге созылып кетті?

Бүгін, 14:08 / Ахмет Қанатұлы
t.me/qr_tjm/37560

Өскемендегі "Казцинк" кәсіпорнында болған жарылыстың нақты себептері маусым айында белгілі болуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Вице-министрдің сөзінше, қазір оқыс оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жарылыстың қалай болғанын анықтау үшін мамандармен қатар жоғары оқу орындарының ғалымдары да тартылған.

"Біз бұл мәселеге кеңінен қарадық. Жарылыстың жалпы қалай болғанын түсіну үшін университет ғалымдарын да тартып отырмыз. Тергеу нәтижесін міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз. Мерзіміне келсек, меніңше, маусым айында белгілі болады", – деді Ербол Тұяқбаев.

Еске салсақ, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі зауыт аумағында жарылыс болған еді. Апаттан кейін қала аспанына қою ақшыл түтін көтерілген. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, бірнеше жұмысшы ауыр күйік жарақатын алған.

Жарылыстан кейін Өскемен тұрғындары денсаулығының нашарлағанын айтып шағымдана бастады. Кейбір адамдар ішінің ауырғанын, мұрын-жұтқыншақ тұсының күйгенін сезгенін жеткізген. Бұдан бөлек, зауытқа жақын орналасқан тұрғын аудандарда мамандар ауа құрамындағы зиянды заттардың мөлшері шектен асқанын тіркегені айтылды.

Осы оқиғадан кейін қоғамда бірнеше өткір сұрақ туындады. Жарылысқа нақты не себеп болды? Қауіпсіздік талаптары қаншалықты сақталды? Жұмысшылардың өмірі мен қала тұрғындарының денсаулығына кім жауап береді? Енді осы сауалдарға ресми тергеу қорытындысы жауап беруі тиіс.

Тэгтер:

Өскемен Казцинк Ербол Тұяқбаев