Қазақстан жолбарысты тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының маңызды кезеңін бастады. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресейден төрт амур жолбарысы жеткізілді. Олардың қатарында екі ересек жолбарыс пен екі төлі бар, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жоба 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге бағытталған. Мамандардың айтуынша, амур жолбарысы Орталық Азияда бұрын тіршілік еткен тұран жолбарысына генетикалық тұрғыдан жақын.
Жануарлар арнайы дайындалған қоршауларға орналастырылып, бақылауға алынды. Алдағы уақытта олар карантиннен өтіп, табиғи ортаға бейімделеді. Кейін жолбарыстарға спутниктік қарғыбау тағылып, жабайы табиғатқа жіберіледі.
Мамандар бұл жобаны Қазақстандағы ең ірі табиғат қорғау бастамаларының бірі деп бағалап отыр. Бағдарлама экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге және биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді.