Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Ақорданың мәліметінше, сапар 27-29 мамыр күндеріне жоспарланған және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Dalanews.kz басылымының жазуынша, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Владимир Путин Астанаға 27 мамыр күні кешке келген. Ал 28 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевпен тар және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізеді деп жоспарланған.
Кездесулерде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық байланыстардың қазіргі жағдайы және оны әрі қарай дамыту мәселелері талқыланады.
Сапар аясында Астанада бірнеше маңызды халықаралық шара өтеді. 28 мамырда Еуразиялық экономикалық форум ұйымдастырылса, 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылуы мүмкін. Сондай-ақ екі ел басшылары бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасауы ықтимал.
Айта кетейік, Ресей делегациясының құрамында 30-дан астам адам бар. Олардың арасында министрлер, ірі компаниялар мен мемлекеттік корпорация өкілдері бар екені айтылды.
Сапар барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстар, өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды деп күтіледі.