Фотосессия деп алдаған миллионер бір жарым айда сегіз қыздың өмірін қиған

Бүгін, 20:30 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Кристофер Уайлдер есімі АҚШ пен Аустралиядағы ең қатыгез сериялық қылмыскерлердің бірі ретінде тарихта қалды. Сырт көзге ол табысты бизнесмен, бай миллионер, көлік пен фотографияға қызығатын адам болып көрінген. Алайда дәл осы қызығушылықтарын ол кейін қыздарды алдап, қақпанға түсіру үшін пайдаланған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Stan.kz сайтының жазуынша, Уайлдерді кезінде мамандар “психикалық ауытқуы бар сексуалдық қылмыскер” деп сипаттаған. Соған қарамастан, ол ұзақ уақыт бойы қатаң жазаға тартылмай, қайта-қайта бостандыққа шығып отырған. Ақыры 1984 жылы оның аты бірінен соң бірі жоғалған қыздардың ісімен байланысты айтыла бастады.

Кристофер Уайлдер ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі америкалық әскери теңізші, анасы аустралиялық болған. Отбасында төрт баланың үлкені еді. Ата-анасы кәсіппен айналысып, тұрмысы жақсы болғанымен, оның неліктен мұндай ауыр қылмыстарға барғаны әлі күнге дейін толық түсіндірілмейді.

Ол жас кезінде үйленгенімен, бұл некесі ұзаққа созылмады. Әйелі оның көлігінен жартылай жалаңаш қыздардың суреттерін тауып алғаннан кейін ажырасып кеткен. Кейін Уайлдер Флоридаға көшіп, құрылыс саласында жұмыс істей бастайды. Осы кәсіп арқылы қомақты табысқа жетіп, миллионер атанады.

Бала кезінен ағаш ұсталығына бейім болған ол бұл қабілетін бизнеске айналдыра білді. Сонымен қатар фотографияға және қымбат көліктерге қатты қызықты. Кейін тергеушілер оның дәл осы “фотосессия” мен “модельдік ұсыныс” деген сылтауларды қыздарды алдау үшін пайдаланғанын анықтады.

1984 жылдың көктемінде Уайлдердің қанды қылмыстары басталды. Оның алғашқы құрбандарының бірі – “Мисс Флорида” байқауына қатысқан модель Розарио Гонсалес болды. Майами Гран-при жарысынан кейін қыз із-түзсіз жоғалып кеткен. Куәгерлер оны шамамен 30 жастағы ер адаммен кетіп бара жатқан жерінен көрген. Сол жарысқа Уайлдердің өзі де Porsche 911 көлігімен қатысқаны кейін белгілі болды.

Көп ұзамай Гонсалестің танысы, модель Элизабет Кеньон да жоғалды. Ол бұрын Уайлдермен қысқа уақыт жақын араласқан. Тергеу барысында қыз жоғалған күні жанармай бекетінде болғаны анықталды. Оның бензин ақысын сұр түсті Cadillac El Dorado көлігіндегі ер адам төлеген. Бекет қызметкері кейін ол адамның Уайлдер екенін таныған.

Кеньонның отбасы полициядан бөлек, жеке детектив жалдайды. Бұрынғы ФБР агенті Кеннет Уитакер екі қыздың да бір-бірін танығанын және екеуінің де Уайлдермен байланысы болғанын анықтайды. Ол сондай-ақ Уайлдердің бұрын әйелдерге қарсы қылмыс жасағанын біліп, полицияға оның сериялық қылмыскер болуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ нақты дәлел жетіспегендіктен, құқық қорғаушылар бірден шешуші қадам жасамаған.

Уайлдердің қылмыстық тарихы бұған дейін де басталған еді. Ол алғаш рет 17 жасында 13 жастағы қызды зорлағаны үшін ұсталған. Кейінгі жылдары да әйелдерге қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар бойынша бірнеше рет тергеуге іліккен. 1970-жылдары ол қыздарды “фотосессия жасаймыз” деп шақырып, кейін оларға күш қолданғаны үшін ұсталған.

1977 жылы психологтар оны әйелдерге қауіп төндіретін сексуалдық қылмыскер ретінде сипаттаған. Алайда сотта ол жиі өкініш білдірген кейіп танытып, адвокаттары заңдағы олқылықтарды пайдаланып отырған. Сол себепті Уайлдер бірнеше ауыр айыпқа қарамастан, ұзақ уақыт түрмеде отырмады.

1982 жылы ол Аустралияда екі мектеп оқушысын ұрлап, оларды жалаңаш суретке түсіргені үшін ұсталды. Бірақ кепілмен босап шығып, кейін АҚШ-қа қашып кеткен.

1984 жылдың наурызында Уайлдер АҚШ аумағында қанды сапарға шықты. Ол бірнеше штатта қыздарды алдап, ұрлап, зорлық көрсетіп, өлтірген. Құрбандарына өзін фотограф немесе модельдік агенттік өкілі ретінде таныстырған. Тереза Фергюсон, Линда Гловер және басқа да жас қыздар оның құрбанына айналды.

Оның қолынан тірі қалғандардың бірі – 16 жастағы Тина Рисико. Ол Уайлдердің қолында тоғыз күн болған. Тергеушілердің пайымынша, қылмыскер оны басқа қыздарды алдау үшін пайдаланған болуы мүмкін. Кейін Уайлдер оны босатып жіберген.

5 сәуірде ФБР Кристофер Уайлдерді ең қауіпті әрі іздеуде жүрген қылмыскерлер тізіміне енгізді. Ал 13 сәуірде Нью-Гэмпшир штатындағы жанармай бекетінде полицейлер күдікті ер адамды тоқтатады. Сол сәтте Уайлдер көлігіне қарай жүгіріп барып, револьверін алмақ болған.

Полициямен арпалыс кезінде екі рет оқ атылды. Бір оқ полицейді жараласа, екіншісі Уайлдердің өзіне тиген. Тергеу мәліметінше, екі оқты да Уайлдердің өзі атқан. Осылайша ол оқиға орнында көз жұмды.

Уайлдер қайтыс болғаннан кейін оның мүлкі мен активтері сатылып, түскен қаражат жәбірленушілер мен олардың отбасыларына берілді.

Алайда бұл іс осымен толық жабылған жоқ. Кейін полиция Уайлдерді АҚШ пен Аустралиядағы тағы бірнеше ашылмаған қылмыспен байланыстыра бастады. Егер бұл деректердің бәрі дәлелденсе, Кристофер Уайлдер екі елде әрекет еткен ең қауіпті сериялық қылмыскерлердің бірі ретінде бағалануы мүмкін.

Тэгтер:

фотосессия