Румынияның Галац қаласында ресейлік дрон көпқабатты тұрғын үйге соғылып, екі адам зардап шекті. Оқиға 29 мамырға қараған түні болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Галац қаласында ұшқышсыз аппарат тұрғын үйдің шатырына құлағаннан кейін өрт шыққан. Румыния Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дрон елдің әуе кеңістігіне кірген сәттен бастап радарлармен бақыланған. Оны тоқтату үшін жойғыш ұшақтар мен тікұшақтар көтерілгенімен, аппаратты атып түсіруге үлгермеген.
Румынияның Төтенше жағдайлар инспектораты екі адамның жараланғанын растады. Көпқабатты үйден шамамен 70 тұрғын эвакуацияланған.
Reuters агенттігінің жазуынша, дрон екі тұрғын үйдің кіреберіс бөліктері мен бес автокөлікке зақым келтірген. Оқиға орны Украина шекарасынан шамамен 11 шақырым жерде орналасқан.
Румыния бұған дейін де Украинаға жасалған шабуылдар кезінде ел аумағына кірген ресейлік дрондар туралы бірнеше рет хабарлаған. Алайда бұл жолы алғаш рет дрон халық тығыз орналасқан ауданға құлап, бейбіт тұрғындардың жарақат алуына себеп болды.