Әлеуметтік қолдау жүйесіндегі Қазақстан тәжірибесі: халықаралық салыстырмалы талдау

Бүгін, 14:41 / Arasha.kz

Қазақстан соңғы жылдары әлеуметтік саясатты мемлекеттік дамудың негізгі басымдықтарының біріне айналдырып, халықты қолдау жүйесін айтарлықтай күшейтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, елдің әлеуметтік саладағы көрсеткіштері бүгінде посткеңестік кеңістікте ғана емес, тұтас ТМД аймағында жетекші орындардың біріне шығып отыр. Әсіресе көпбалалы отбасыларды, бала тәрбиелеп отырған жанұяларды, ардагерлерді және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы қаржылық көмектің көлемі Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі ұстанымын айқын көрсетеді.

Салыстырмалы статистика Қазақстанның бірқатар бағыттар бойынша аймақта абсолютті көшбасшы екенін аңғартады. Мәселен, ардагерлерге берілетін орташа төлем көлемі Қазақстанда 1,2 миллион теңгеден асып, Ресейдегі ең төменгі стандарттан шамамен 1,5 есе жоғары. Ал, ТМД-ның кейбір елдерімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3-10 есе артық. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы ардагерлерге арналған әлеуметтік қолдау деңгейі өңірдегі теңдессіз стандарт қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған азаматтарға төленетін жәрдемақы көлемі 81 871 теңгеге жетіп, Өзбекстан мен Әзербайжандағы ұқсас төлемдерден 3-4 есе жоғары көрсеткішке ие болған. Бұл Қазақстанның әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударатынын көрсетеді.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері экономикалық қиындықтарға байланысты әлеуметтік шығындарды қысқартып жатқан кезеңде, Қазақстан керісінше халықты қолдау көлемін ұлғайту саясатын жалғастырып келеді. Мемлекет демографиялық өсімге, азаматтардың әл-ауқатына, білім мен денсаулық сапасына инвестиция салуды ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізі ретінде қарастырады. Сондықтан әлеуметтік төлемдердің көбеюі тек уақытша қолдау шарасы емес, қоғамның болашағына бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланып отыр. Бұл үрдістерді талдау барысында әзірбайжандық сарапшы Ризван Гусейнов Қазақстанның әлеуметтік саясаты аймақтағы көптеген елдермен салыстырғанда жүйелілігімен және мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді қолдау логикасымен ерекшеленетінін атап өтті.

- Көптеген халықаралық сарапшылар соңғы жылдары Қазақстан халықты әлеуметтік қолдау жүйесін айтарлықтай күшейткенін атап өтеді. Сырт көзбен қарағанда, Қазақстанның әлеуметтік саясаты аймақтың басқа елдерімен салыстырғанда қалай көрінеді?

- Қазақстанның әлеуметтік саясаты, сөзсіз, үлкен қызығушылық тудырады. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстан әлеуметтік құқықтарды қорғау және халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету саласында алдыңғы қатардан көрініп отыр.

- Салыстырмалы статистикаға сәйкес, Қазақстан балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және ардагерлерге төленетін жәрдемақылар көлемі бойынша бірқатар көрші мемлекеттерден озып тұр. Мұндай қолдау деңгейі халықаралық әлеуметтік стандарттарға қаншалықты сәйкес келеді?

- Қазақстанның басымдығы анық байқалады. Бұл ардагерлерге, олардың отбасыларына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ мемлекет қолдауын қажет ететін өзге де әлеуметтік топтарға қатысты. Сонымен қатар жас отбасыларды қолдау, отбасыларға, жас жұбайларға, көпбалалы отбасыларға арналған жекелеген жәрдемақылар, оларды жұмыспен және біліммен қамту мәселелері де осы бағытқа кіреді. Яғни, мұның бәрі мемлекет үшін аса маңызды әрі сезімтал салалар болып саналады.

- Бүгінде көптеген елдер экономикалық қиындықтарға байланысты әлеуметтік шығындарды қысқартып жатыр. Осы жағдайда Қазақстан, керісінше, халықты қолдау көлемін ұлғайтуды жалғастыруда. Мұны қоғам тұрақтылығына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастыруға бола ма?

- Осы салалардың барлығында Қазақстан тек посткеңестік кеңістікте ғана емес, тіпті әлемдік деңгейде де көшбасшылардың бірі деуге негіз бар. Кейбір көрсеткіштер Қазақстанның жетекші орындардың бірінде тұрғанын аңғартады. Бұл әсіресе қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде әлеуметтік бағдарланған саясаттың әлсіреп, кей жағдайда мүлде тоқтатылып жатқанын ескерсек, өте маңызды. Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттерде халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына көрсетілетін қолдауды азайту туралы шешімдер қабылданып жатыр.Тіпті демографиялық өсімді тежеу, онсыз да әлеуметтік жағынан қорғалмаған әрі осал топтардың өмірін күрделендіру бағытындағы белгілі бір ұстаным бардай әсер қалыптасады. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқанымдай, мұндай үрдіс көптеген елдерде сезіледі. Ал Қазақстан бұл тұрғыда жағымды қырынан ерекшеленеді. Қазақстан болашаққа бағдарланған мемлекет ретінде демографиялық ахуалдың жақсаруына, халық санының өсуіне, азаматтардың білімді, дені сау және жұмыспен қамтылған болуына мүдделі.Менің ойымша, бұл — әлемнің көптеген елдерінде байқалып отырған жағымсыз үрдістерден түбегейлі ерекшеленетін феноменалды құбылыс.