31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстанда 125 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңға жуық азамат ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың арасында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров секілді ұлт қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды.
Қуғын-сүргін жылдары мыңдаған азамат түрмелер мен лагерьлерге жіберілді. Жазықсыз айыпталғандардың отбасы мүшелері де ауыр тағдырды бастан өткерді. Олардың әйелдері Ақмола облысында орналасқан "АЛЖИР" лагерінде азап шекті.
1993 жылы Қазақстанда "Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. Осы заң аясында жазықсыз жала жабылып, қуғынға ұшыраған көптеген азамат ақталды.
31 мамыр – ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерді еске алып, жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым ететін күн.