Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеу жасады

Бүгін, 10:06 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жолдап, өткен ғасырдағы зұлмат жылдардың құрбандарын еске алу ел алдындағы қасиетті міндет екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың есімін ұмытпау және әділдік пен заңдылық қағидаттарына адал болу тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән беріліп келеді. Бұл қағидаттар Конституцияда заң жүзінде бекітілген. Қазақстан әділ қоғам құру жолын таңдап, заң үстемдігіне, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа және ұлттық бірлікке негізделген жаңа даму кезеңіне қадам басты.

«Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамыту елдің болашақтағы табысының негізгі тіректерінің бірі екенін жеткізді.

Үндеу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағына сенім білдіріп, қоғамдағы ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін», – деді Президент.

Тэгтер:

тоқаев ашаршылық Репресия еске алу