Әділетхан Молдахан сотта бар кінәсін мойындады

Бүгін, 16:50 / Ахмет Қанатұлы
Коллаж: ult.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Ол "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот отырысы кезінде Әділетхан Молдахан өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын мәлімдеді.

Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шұмаев танылған. Ұзабаевтың мүддесін қорғайтын тарап айыпталушыдан 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіруді сұрады.

Ал Молдаханның қорғаушылары соттан оны үйқамаққа ауыстыруды өтінді. Сонымен қатар тараптарды медиация тәртібімен татуластыру мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш білдірді.

Алайда судья Ерлан Қасымбек бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды. Ал процессуалдық келісім жасау мәселесі прокуратураның қарауына жолданды.

Айта кетейік, бұған дейін Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына жоғары лауазымды тұлғалардың балалары қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Сондай-ақ ол заңсыз түнгі автожарыстарға қатысты деректерді полиция жасырып отыр деп мәлімдеген.

Осы жария мәлімдемелерінен кейін блогер наурыз айында қамауға алынған болатын.

Іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Тэгтер:

Әділетхан Молдахан